– Неліктен мені тоқтатқың келеді? Мен жай ғана олардың ұзақ өмірінің сырын білгім келеді, – деді оған Ерұлан.
Батыра ақырын жүріп, ашық тұрған терезелердің біріне барды, ол сыртқа көз тастап, таза ауамен терең тыныс алды. Аспан ашық, жұлдыздар аспанға шашылған алмастай жарық. Сарайдың жанында өскен алып теректер ақырын соққан желден жайқалып, баяу ғана ары-бері теңселіп тұр.
– …Жаңа ғана айтқанымдай, бұл өліммен тең қылмыс, сен менің бауырымдай болып кеткенсің, сондықтан сені барынша ақымақтықтан сақтағым келеді, қала Сұлтаны сен жайлы оң көзқараста, ал оның бірінші қолбасшысы Дат… – деп ол кішкене кідірді, – өзің де білесің, Дат саған тісін қайрап жүр, қит етсе болды, ол саған қолындағы бар билігін салып, заң рұқсат еткен ең қатаң жазаны қолдануға дайын. Сенің билеушілер туралы теріс ойда екеніңді білсе, ол мұны барынша пайдаланады, тіпті мен сені оның қолынан аман алып қала алмаймын, оның үстіне сарбаздардың жартысынан көбі оған бағынады, – деді ол.
– Бірақ сен одан кейінгі әскербасысың, сондықтан мен еш қорықпаймын, – деп ол күлімсіреді. – Білесің бе, досым? Біз бір үлкен әлемде өмір сүреміз, онда зерттелмеген көптеген дүниелер бар, сол әлемнің бір кішкентай түкпірінде тығылып, өмірімді той-думанмен; көңіл көтерумен өткізу мен үшін ақымақтық, маған нағыз ләззат сыйлайтын – ол осы әлемнің құпияларын ашу және менің айналамда болып жатқан дүниелер мені бейжай қалдырмайды, оның үстіне олардың ұзақ ғұмыры маған өте қызық, олардың не жасырып жүргендерін білгім келеді, – деді Ерұлан Батыраға қарап.
– Осы әлемнің құпиялары! Сен өзі не ойлайсың, таңым бар. – Иә, білемін саған зерттеген ұнайды, бірақ өтінемін, басқа дүниені зерттеші, оларды жайына қой! Ақыры жаман аяқталуы мүмкін.
– Жарайды оны қоя берші, мені бәрібір ешкім тыңдамайды, – деді де Ерұлан орындығына ыңғайлана отырып, – саған бір өтінішім болып тұр, – деді ол.
– Қандай өтініш? Егер ол Батыс орманға қатысты болса, онда маған ешқандай өтініш жасамай-ақ қой.
– Иә… Батыс орманға байланысты, бірақ… сен мені тыңдау керексің, – деді Ерұлан оған ақырын дауыспен.
– Тыңдауым керек пе? Сен мені тыңдау керексің, Ерұлан, – деп ол дауысын көтере сөйледі. – Екі ай бұрын онда не болғаны есіңнен шығып кетті ме? Әлгі жабайы аңның сені ажал құштыра жаздағаны, мен сені әрең аман алып қалдым, ондай жағдай тағы да қайталанғанын қаламаймын, өзің де білесің, Батыс орман қауіпті жануарларға толы, – деп ол Ерұланға бұрылды. – Ерұлан, жақында сен әке атанасың, сенің қауіпті дүниелермен айналысып, балаңның әкесіз өскенін қаламаймын.
– Бірақ менің онда не көргенімді білмейсің ғой.
– Сен онда бардым деп маған айтпа, мен сенен өтініп едім ғой онда бармауды, сен кішкентай бала сияқтысың, егер бұл әдетіңді қоймасаң, бір күні орманның ішіндегі жабайы жануар түбіңе жетеді, егер сонда мерт болсаң, есіңде сақта – мен ол үшін өкінбеймін… Неге сені қауіпті дүниелерге тарта береді?!
– Тыңдашы, мен онда барған кезде адам көрдім және ол орманның ішіне қашып кетті.
– Адам! Батыс орманда ма? Тұран хандығындағы ең қауіпті орманға бас сұғатын адам табыла қоймас, әрине сені есепке алмағанда!
– Мені тыңдашы бөле бермей.
– Жарайды.
– Мен онда адам көрдім, бірақ ол адам емес.
– Қалайша? – деді ол маңдайын тыржита.
– Иә, біртүрлі естіледі, бірақ ол адамға қарағанда екі есе үлкен болды, оны аңдаусызда байқап қалдым, бірақ толық қарап үлгерген жоқпын, мені көрісімен ағаштардың арасына жасырынып қашып кетті.
– Мүмкін ол жануар шығар, – деді Батыра.
– Жоқ, мен оның денесін анық көрдім – адам сияқты тік тұрды, бірақ өте үлкен.
– Сенімдісің бе?
– Иә.
– Сонымен маған не демексің? – деді Батыра.