– Ақымақ болма, Ерұлан, қаруыңды түсір, – деп дәрігер оның назарын аударып , жылдам инені Ерұланның сол жақ желке тұсына сұқты, сол сәтте Ерұланның қолынан семсері түсіп, шатқалақтай бірнеше қадам артқа шегінді де, қабырғаға гүрс етіп соғылып, жерге отырып қалды. Сол жақ аяқ-қолы оған бағынар емес, құдды ұйып қалғандай.
Дәрігер көмекшісіне:
– Қаш! – деп айқайлады.
– Маған не істедің? – деп Ерұлан бар дауысымен сөйледі.
Көмекші астауды жерге тастай сала қашты. Дәрігер үндемей еңкейіп, жерде жатқан семсерді алып. Ол ақырын жүре, мысқылдай күліп, Ерұланның жанына келді, семсерді ақырын аспанға көтерді де:
– Мен саған барлығы дұрыс кезде баланы бер деп айттым, ал сен менің сөздерімді құлағыңа асқан жоқсың, ал енді өзіңнің ақымақтығыңның кесірінен өлесің, – деді дәрігер, Ерұлан оның көзіне тік қарады, осы сәтте дәрігердің көз қарашығы үлкейіп, көзі толықтай қап-қара түске ие болды.
– Сен өзі адамсың ба? – деп Ерұлан, сол жақ желке тұсында қадалған инені суырып, жұлқына жерге лақтырды.
– Жоқ, – деп дәрігер мысқылдай күле, қылышты барынша жоғары көтеріп, семсерді оның жүрегіне сұқпақ болған сол еді, оның алқымына Сұлу артынан келіп пышақ тақады.
– Тағы бір қимыл жасасаң өлесің, – деп қолындағы пышағын дәрігердің алқымына қаттырақ басты. Алқымы кішкене тілініп, шыққан қан төмен ақты.
– Ал енді қолыңдағыны Ерұланға бер, – деді Сұлу.
Дәрігер кішкене ойланып, басқа таңдауы қалмағанын түсінді де, семсердің сабын жерге қаратып Ерұланға ұсынды, Ерұлан жерде отырған күйі семсерді оң қолымен, қатты қысып ұстады.
– Енді ақырын отыр, ешқандай артық қозғалыс болмасын, – деп онымен бірге Сұлу жерге тізерлей отырды.
– Бұл істеріңе әлі өкінесіңдер, себебі сендер баланы қайда алып қашсаңдар да, хан оны тауып алады, – деді Дәрігер.
– Оған бала не үшін керек? – деді Ерұлан.
– Мен оны саған өлсем де айтпаспын.
– Дәрігер аяғын бүгіп отырғаны сол еді, Ерұлан семсердің жалпақ бетімен оның жүзінен ұрды, әлгі соққыдан дәрігер есінен танды. Сұлудың әлі құрығаны соншалықты, ол аяқтарында әрең тұрды.
– Мұнда не болып жатыр? – деді ол бәсең дауыспен.
Ерұлан орнынан тұрып жансызданған қол-аяғын сілкіді де, ес-түссіз жатқан дәрігерге көз тастап:
– Саған барлығын кейін түсіндіремін, мынадан көз алушы болма, егер артық қимыл жасаса, сен білесің не істеу керектігін, – деп оған қылышты беріп, сыртқа қарай жүгірді.
– Тоқта, Ерұлан, қайда барасың? – деп Сұлу артында айқайлап қалды.
Бұл уақытта көмекші сарайдан сытылып шығып, белбауында тұрған көк түсті таяқшаны қолына алып, аспанға қарата, түбінен соқты, тарс етіп жарылыс естілді де, аспанда көк түсті түтін пайда болды және ол бірден жайыла Ерұланың сарайының төбесін жапты.
Айнала қараңғылау болғанына қарамастан, түтінді көру ешқандай қиындық тудырған жоқ. Сосын көмекші, белбауындағы сыбызғыға ұқсас дабылдағышты қолына алып, терең ауа жұта, оны барынша үрледі – қасқырдың ұлығанына ұқсас дабылдағыштан шыққан дыбыс, қалада жаңғыра естілді. Дабылдың дауысынан шырт ұйқыда жатқан қала тұрғындары да ояна бастады.
Бұл уақытта әскери қоныстағы сарбаздардың барлығы ұйқыда жатты, тек жиырмаға жуығы кезекшілікте болды, Ерұланның сарайы әскери қоныстан алыста орналасқандықтан, көмекші берген дабылдың дыбысы оларға ақырын естілді.
–
Мынау дабылдың дыбысы емес пе? Сен естіп тұрған жоқсың ба? – деді кезекшіліктегі сарбаз екіншісіне, олар кішене үнсіздікте қалды, алайда дабылдың дыбысын естіген жоқ.
– Жоқ, саған жай естілген болар, – деді ол, бірақ артынша екінші рет берілген дабыл олардың құлағына анық естілді
– Естідің бе? – деді біріншісі жолдасына жалт қарай.
– Иә… мынау дабыл, кәне дауылпазды қақ, мен қолбасшыға хабар берейін, – деп ол айқайлады.