– Түсінбедім! – деді ол жүзі бозара.
– Қысқаша айтқанда, әлемдегі барлық тіршілік иелерінің өмірі соңғы сексен бес жылда бес жылға қысқарған. Сонымен қатар билеушілердің өмірін зерттеген ғалымдар қаза болған.
– Бабадүр себебін жазды деп айтшы, – деді Батыра
– Өкінішке орай жоқ, себебін жазбаған, мүмкін қорыққан шығар, мүмкін жазған – мен түсінбеген болармын.
– Бұл енді мүлде түсініксіз.
– Мен оның шындықты жазғанына шүбәм жоқ, – деді Ерұлан.
– Қорқынышты жаңалық екен.
– Иә, қорқынышты, – деп ол кішкене кідірді, – жарайды сені ұстамайын, кездескенше, абай бол! – деп екеуі қол алыса қоштасып, Батыра кітапханадан жылдам шығып кетті.
Ерұлан кітапханасында қалып, Ескендір Торғынның кітабындағы руналарды қарады, екі қатар жазылған рунаның жанында аудармасы болды, дегенмен Торғынның кітабы адамдардың ежелгі тілінде жазылғандықтан, Ерұланға аударманы аударуға тура келді. Ол жұмысты аяқтады, ондағы рунаның мағынасы: «Өмір – ол ұлы сый, ал оны жоғалту – ұлы қасірет»
– Өмір – ол ұлы сый, ал оны жоғалту – ұлы қасірет, – деп Ерұлан бірнеше рет қайталады, – бұл нені білдіреді? – деп ойлана сөйледі. Ол тағы да басқа дәйектерді табу үшін кітапты толықтай ақтаруға кірісті.
Ерұланның кітапты мұқият оқып шығуына бірнеше күн уақыт кетті, алайда ол осы уақыт арасында қораптың ішінде не бар екендігі жайында ешқандай дәйек кездестірмеді, тіпті қорапты қалай ашуға болатыны жөнінде жазылмаған, оның қолында тек қорап сыртындағы аударма ғана болды.
Арада екі апта өтті, бірақ Батыра сол күйі келген жоқ. Ерұланның қорқынышты түстері де басылар емес, оларды күнде көрді. Сұлудың да босанатын уақыты жақындап, оған зиянын тигізуден қорқып, Ерұлан өзін кітапханасына жауып алды. Тек анда-санда ғана Сұлудың жағдайын білу үшін шығып тұрды.
Ол таң атқанға дейін кезекті кітапты қарады, қорап пен бас сүйек әдеттегідей үстел үстінде жатты. Ерұланның дұрыс ұйықтамағанына жиырма шақты күн болса да, ол өзінен шаршау сезінген жоқ. Бүкірейіп отырғаннан белі ауырған соң, кітапты шетке қойып, орнынан тұра керілді, кенеттен қораптағы руналары ақшыл жасыл түсті сәуле шашып, сәуле біртіндеп үлкейе бастады, кішкенеден кейін қорапты толықтай ашық жасыл түс көмкерді, не болғанын түсінбеген Ерұлан бірнеше қадам артқа шегінді. Сол сәтте есікке біреу асыға келіп, оны қатты соқты.
– Мырза! Мырза! Осындасыз ба? – деген қызметшінің жан ұшырған айқайы естілді.
– Иә-иә, қазір, – деп сасқалақтағанынан не істерін білмей, үстіндегі киімін шешіп, оны қорапқа жапты да, есікке қарай жүгірді.
– Не болып қалды? – деді ол есікті аша.
– Сұлу ханым… Сұлу ханым… – деп қызметші ентіге сөйлейді, арғы жақтан Сұлудың айқайлаған дауысы естілді.
– Сұлуға не болды? – деп, ол Сұлуға қарай жүгіре кетті.
– Ол… босанып жатыр… – деп қызметші Ерұланның соңынан айқайлады.
Ерұлан Сұлу жатқан бөлмеге жүгіріп, бөлменің жанына жақындаған сайын, Сұлудың шыңғырған дауысы қатты естіле түсті. Есікті ашып ішке кірмек болғаны сол еді, ішінен дәрігер оны сыртқа итеріп шығарып:
– Сіз сыртта күтіңіз, қалғаны біздің жұмысымыз, – деп есікті Ерұланның алдында тарс жапты.
Ерұлан сыртта, іштен шыққан Сұлудың айқайын естіп, өзін қоярға жер таппай, ары-бері жылдам жүріп, баспалдақпен ақырын сарайдың ауласына түсті. Ол қобалжығаны соншалықты, қораптың жарқырағанын да ұмытып кетті. Қарсы алдында тұрған тауға қарады. Жаңадан атып келе жатқан таңның нұры, қып-қызыл бола таудың төбесінен шашылды. Жүзіне соққан салқын таза ауамен терең тыныс алып, өзінің қобалжуын басуға тырысты. «Барлығы дұрыс болады, барлығы дұрыс болады» деп іштей өзіне қайталаумен болды. Осы сәтте оған баланың шыр етіп жылаған үні естілді.