Герасимовтың әлгі айтқан сөзі олардың тілектерінен шықпай отырған. Ояз жіберіп отырған адамға қарсы да шыға алмады, бір жағынан. Ақыры ақылдаса келіп, елдің мықтылары төре болғандықтан, жеңсе осы жеңеді деп Қабайды қалдырды. Өйткені, орыстардың қазақтан гөрі төрелерге жақсы қарайтынын білетін. Жоғары жақтың да төрелерге көзқарасы өзгере бастағанын бұлар әлі білмейтін. Оңаша ақылдаса келіп, дауысқа түсетін Шоң мен Қабайға тоқтаған. Қанша дегенмен Қабай – төре, оның сондықтан да бұл жерде билердің арасында беделі бар еді.
Герасимов тұрып тағы қайталап айтқан:
– Болыстыққа ояз Шоңды ұсынып отыр. Соны естен шығармаңдар. Дұрысқа көшіңіздер. Оны жасамасаңыздар, басқа тәртіп болады. Осыны есте сақтаңдар.
Герасимов аузынан мына сөзді естігенде жиналғандар корқып кетті.
– Ол қандай тәртіп? – деді бір би отырып.
– Омбыдан, Ақмоладан жіберілген өкілдер басқарады.
Дуан орнына ояз басқарғаннан кейін ел арасында болыстарды да орыстар басқаратын тәрізді өсек шығып жүрген еді. Ел арасында тарай бастаған сол сөз көптен бері билердің бастарына мықтап орнап қалғандай еді.
Құлымбет руының би Лау орнынан тұрып:
– Ежелден болыс сайлауын жергілікті жердегі билер сайлайтын. Бұл әуелден келе жатқан тәртіп, қазақтың хандарын да баяғыда солай сайлаған. Заман өзгерген соң, амал өзгереді екен. Орыс жіберіп отырғанымен Шоңнан қашпаңдар. Шоң да бізге бөтен емес қой, кешегі Жанкелді бидің ұрпағы. Соны естен шығармаңдар. Сол жағын да ескеріңдер.
Қабай тұрып айтқан:
– Сендер түсініңдер, орыс ойына келгенді жасап отыр. Бұл Нұра бойында отырғандардың бәрі қазақ. Өз тәртібімізбен өткізейік. Орысша тәрбиеленген Шоңның қазаққа жаны ашымайды. Оны естеріңнен шығармандар!
Шоң осы арада шыдай алмай кетті де:
– Қара қазақтың төрелерден тауып отырған жақсылығы жоқ. Пәлен жүз жыл төрелер басқарды. Қабеке, сіз не айтып тұрсыз осы? Төрелер басқарғанда да жетіскеніміз белгілі ғой. Ақыры орыстарға тәуелді болып қалдық. Мен өзім сұранып келгем жоқ. Сол орыстар жіберіп отыр.
Лау тұрып тағы да:
– Шоң дұрыс айтады. Пәлен жүз жыл төрелер басқарды. Жеткеніміз белгілі, ең ақыры өзбектен де қалып қойдық. Қисыққа кете бермей, дұрысқа көшіңдер. Шоң орыс емес қой, кешегі арамызда өскен бала. Орысша тәрбие алды. Бұл заманда оның пайдасынан басқа зияны жоқ.
Герасимов оны қостай кетіп:
– Ол басқа заман, бұл басқа уақыт. Енді орыстардың айтқанымен жүресіздер. Турасын айтқанда, жоғары жаққа кім ұнайды, соған дауыс бересіздер. Олай болмаса оязға барып шағым жасаңдар. Ал қазір менің айтқанымды жасайсыңдар!
Дауыс беру басталды. Санап келгенде екі дауыс Шоңға артық беріліпті.
Герасимов бұған қуанып, ризашылық айтқан:
– Сіздердің Телқозинды қолдағандарыңыз үшін рахмет!
– Жаңағы сөзіңе қарағанда бәрін бүлдіріп отырған сен, Лау мырзасың, – деді Қабай.
– Иә, мен Шоңды жақтап алдым.
«Алда Телқозының баласынан көрешекті көресіңдер. Бұл орыстарға берілген адам» – Осындай сөздермен сайлау алдында Қабай біраз адамды өзіне қаратып алған. Біраз адамдардың оған дауыс беруі содан болатын. Әйтпесе, Тоқадан шыққан Шоңға бәрі дерлік дауыс беретін еді. Әлгі сөзімен Қабай біраз билерді өз жағына шығарып алғанын Лау да біліп тұр еді. Соған орай айтқан:
– Қабай, сен Қоңырқұлжа өлер алдында сайландың. Сенен көрген жақсылығымыз шамалы. Жыл сайын Ақмола базарына мыңдап мал апарып сатасың. Елден пара алдың. Іргеңде отырған менің өзімнен талай жылқы айдап алдың. Елді тонап бітірдің. Енді келіп мынадай сөз айтып тұрғаның не?
Қабайда да төрелерге тән кеуде бар еді. Ол да орнынан тұрып, Лауға біраз сөздер айтып тастады. Қабай жақтан тағы бір-екі адам сөйлей бастап еді. Герасимов өзінің мужиктігіне салып, орысшалап әлгілерді боқтап алды. Өңкей орысша білмейтін қазақтар оның сөзіне түсінген жоқ. Бірақ та ояз өкілінің қатты ашуланып қалғанын сезді де, бәрі де жым болды. Бұл келісімнің белгісі еді. Бұған қарсы ешкім дау айта алмады. Герасимовтың айтқаны болды. Болыс сайлауы осылай Шоңның пайдасына шешілді.