– Губернатордың бұйрығы бойынша болыстар іріленіп жатыр. Осы Нұра бойындағы болыстардың бәрі бұдан былай «Сарыарқа» атанып, соған кіреді.

Бұл сөз әр-әр болысқа өздерінің тәуірлерін сайлап үйренген билердің көңілдерінен шықпады. Алайда, олар ояз өкіліне қарсы не айтарларын білмей отырып қалды.

Бекәлі кеткелі пәлен жылдан бері болыс болып әбден үйреніп алған, Айтқожа-Қарпық болысын билейтін Қабайдың есі шығып кеткендей болды. Ол Ыбырайға пара берудің арқасында Бекәлі кеткелі болыстан шықпай келе жатқан. Көп жыл болыс болғандықтан ел арасында беделі бар еді. Даусы өктем, қаттырақ шықты.

– Сендер немене, болыс сайлауды ойынға айналдырып алғансыңдар ма?

Герасимов та оған тісін басып жүр еді, өзін адамға санамайтынын Герасимов білетін, ол тұрып айтты:

– Қабай, әлі тойған жоқсың ба, сенің дем алатын уақытың болды ғой.

– Менің жұмысыма кояр қандай кінәң бар, салық жинау жоспарын артығымен орындаймын…

Ол кезде жоғары жақ салық жинауға айрықша көніл бөлетін. Сондықтан әлгі сөзді Қабай әдейі айтып тұрған.

– Саған кояр ешқандай кінәміз жоқ. Мен саған болыстар іріленіп жатқанын айтып отырмын ғой.

– Ендеше сол болысты мен басқарамын.

– Ояз оған тұратын адамды белгілеп қойған. Ол мына алдарыңда отырған Шоң Телқозин.

Бір сәт үндемей отырып қалған болыстар біріне-бірі қарап алды да, жарыса сөйлеп кетті: «Бұл жақта ел басқаратын адам жоқ па, ояз өз адамын неге жібереді?» – деген сөздер жан-жақтан жауып кетті.

– Шоң Телқозин сендерге бөтен адам емес, осы Тоқаның баласы. Сендерден артық бір қасиеті бар. Ол орысша біледі. Жоғарыдан келген бастықтармен сөйлесе алады. Сауатты. Ақыл жағынан да көбіңнен алда тұр.

Мына «ақылы да сендердің көбіңнен алда тұр» деген сөз намысына тиді ме, біреу отырып айтқан:

– Біз өз көңілімізден шыққан адамды сайлаймыз. Қанша орысша біледі деп тықпалағанымен, мұндай адамның бізге керегі жоқ.

– Мен айтып отырмын ғой, губернатордың бұйрығы бойынша болыстар ірілендіріліп жатыр. Ал оған болыс кім болатын ояз шешеді. Ол жаңа болысты басқаруға Шоң Телқозинді қалап отыр.

Қабай ғана емес, көп болыстар өз қызметінен айырылғанын білді. Мынау олар күтпеген жаналық еді. Естері шығып кеткендей болды. Жиналғандар енді ашық реніш білдіре бастады. Әсіресе, болыстықтан айрылғалы отырғандары қатты-қатты сөздер айтқан. Қазақшаға судай және қазақ мінезін жақсы білетін Герасимов орнынан тұрып айқай салды:

– Сіздер немене, губернатор бұйрығына қарсысыздар ма?!

Мынау сөз оларды біраз басып тастағандай еді. Жиналғандар бір сәт үндемей қалды. Герасимов сөзін әрі қарай жалғады:

– Ояз бұл болысқа болыс етіп Шоң Телқозинді ұсынып отыр дедім ғой. Соған дауыс бересіңдер. Басқа басы артық сөздің қажеті жоқ!

– Сіздер де өз қалағандарыңызды болыстыққа ұсына берініздер, – деді Шоң. Бұл сөзді жиналғандардың көніл-күйіне қарай айтып отыр еді ол. Герасимов Шоңның мынасын жақтырмай қалды, ол сөзін әрі қарай жалғады.

– Естеріңде болсын, қазір ояз ешқандай сайлаусыз-ақ губернатормен ақылдасып болысты өзі тағайындайды. Сіздердің алдарыңа ояздың өзі қалаған адамды жіберіп, ақылдасып отырғанына рахмет айтыңыздар. Түсініңіздер!

Әлгі Шоң сөзі себеп болды ма, енді мына айтқан Герасимов сөзіне мән бермей билер бірінен соң бір тұрып, өздерінін тәуірлерін атай бастады. Бәрі айтып болған соң Герасимов қайыра орнынан көтеріліп:

– Естеріңізде болсын, біз бұрынғыдай көп болыс емес, бір-ақ болыс сайлағалы жатырмыз. Сол себепті, мына адамдардың санын азайтыңыздар. Тандаған бір-ақ адамдарыңды кіргізіңіздер – деді. Герасимов бұл сөзді амалсыздан әрі қулықпен айтып отыр еді. Герасимов егер Шоңнан басқа біреуді сайлап барса, Карбышевтің күн көрсетпейтінін білді. Сонда да Шоңның мына айтқанына ешқандай амалы қалмағандықтан, еріксіз көніп отыр еді.