– Ыңғай менен алып тұра ма?

– Иә, бұдан былай сізден алатын болады.

– Мына Елгелділерде жүйрік ат көп, солардан неге әпермейсің?

– Бұл шаруаны ояз Елгелділерге емес, маған тапсырып отыр. Сондықтан мына сөзіңіз басы артық әңгіме. Бергенде ең жүйрік атыңызды беріңіз. Егер уақытында апармаса маған сөз келеді.

«Маған сөз келеді» дегенінен Телқозы корқып қалған. Баласының айтқанын жасап, Жойқынбекке ең жүйрік атын берген. Жойқынбек сол күні қолма-қол жүріп кетті. Шоңның айтуымен Құлымбеттер ауылына соққан еді. Олар да сөз айтқан жоқ ат берді, содан әрі қарай кеткен. Бұл жердің биі Лау еді, пошта жағдайын жақсы білетін. Қолма-қол жүйрік ат бергізген. Жай жүріс жоқ. Жол бойы шауып отырды. Таң ата Ақмолаға келген. Омбы поштасы жүргелі тұр екен. Олар да енді міне жүремізбен Ақтаудан келетін поштаны күтіп шыдамсызданып отыр екен. Соған тапсырды. Ол жақтан Ақтауда тұратын әскер басына арналған арызды алып қайта шапты. Құлымбеттер ауылына келіп тыңайып тұрған атына мініп, тағы шапты. Бір тәулікке жетпейтін уақытта мың шақырымнан артық жер жүріпті. Аттан бұрын Жойқынбек өзінің шаршағанын сезді. Денесінің бәрі салдырап, әлі кетіп қалыпты. Қараағашқа келгенде қозғала алмай қалған болатын. Шоң оны сезіп, біліп отыр еді. Тағы да қайталап айтқан еді.

– Мұндай асығыс пошта келгенде бүкіл денеңді жақсылап тұрып байлап ал. Мына пошта тасып жүрген орыстар сүйтетін. Мен оны көргемін. Сонда шаршамайсың. Денеде күш сақталады.

Дегенмен, Жойқынбек бұл жұмысқа шыдай алмайтын шығармын деп ойлаған.

– Бұрын менің орнымда кім істеді?

– Бұрын бұл жұмысты орыстардың өздері істегенін айттым ғой. Енді бізге, қазақтарға сенген тәрізді. Сонсоң маған жүктеп отыр ғой. – Шоң Жойқынбектің пошта жұмысының ауыр екенін біліп қалғанын сезді. Ертеңгі күні мына жұмыс ауыр екен деп Жойқынбек шығып кетсе өзіне де ұят болатынын Шоң білді. Басқа емес, әкесінің өзі кінәлайтынын білді. Содан кейін сөз бастаған:

– Ақтау мен Ақмола арасында төрт бекет болатын. Олардың әрқайсысында бір-бір адамдар болатын. Соларды қысқартып отыр. Маған тапсырды. Екеумізге ұят болмау үшін сен дұрыстап істе.

Жойқынбек бір жағынан істемей жатып жұмысты тастап кетуді намыс көрді. Және төлейтін ақшасы да көнілінен шығып тұрған болатын. Ақыры шыдауға бел байлады.

Кейін асығыс пошта күн сайын бола бермейтінін байқады. Кейде пошта он күндеп Ақтау жатқан келмейтін. Келсе асығыс емес, араға екі-үш күн қонып жүруіне болатын пошталар еді. Жаңа тірлікке Жойқынбек үйрене бастады. Шоң да мазалай бермейтін. Көбіне салт атпен жүретін.

Бірде жанжал шығарып, Телқозы Жойқынбекке тиісті бір қойын бермей қойған еді. Шоңмен әкесінің арасында реніш туындап қалған, соған байланысты. Телқозы айтқан еді:

– Бұл саған ешқандай қызмет істеп жүрген жоқ. Мен айтқан қойыңды бермеймін, ояздың беретін ақшасы жетіп жатыр.

Өйткені, Телқозы Елгелділерге ызалы еді. Шоң әкесінің мына қылығына ренжіп қалып:

– Әуелгі келісім солай. Телқозы, онымыз ұят болады. Сен тиесілі қойды бермесең, мен ақылай беремін.

– Сонда қанша ақша бересің?

– Айына бес рубль береді ояз. Ал бір қой үшін өз қалтамнан айына екі сом беремін.

Мына сөзді естіп Телқозы жаман ашуланды.

– Сенің айтып тұрғаның не?

– Тәртіп солай, басында мұнымен екі сомға келіскенмін. Оны бұза алмаймын. Ұят болады. Оның үстіне менің мініп жүрген атымды баптап отырады. Бір жерге барарда ерттеп дайын етіп қояды.

Телқозы бұдан кейін тиісті қойын беріп тұрды. Шоң Жойқынбектен берген қойы арық па, семіз де бе деп сұрап жүретін. Шоң мен Телқозы арасында шатақ шығып кетпесін деген оймен, Жойқынбек берген қойлары ыңғай арықтау болса да семіз дейтін. Сөйтіп жүргенде Ақтау бекінісі жабылатын болып, енді пошта сонау Аягөзден Қарқаралы арқылы Ақмолаға қатынайтын болды. Оны орыстардың өздері жүргізетін еді. Ілуде-шалуда болмаса Ақтаудан Ақмолаға пошта тасылмайтын еді. Енді көбіне Жойқынбек Шоңнын ат-арбасын жегіп беріп жүрді. Шоң әуеліде оны жұмыстан қысқартуды ойлаған еді, бірақ Жойқынбектің мінезі де, ісі де ұнап қалған болатын. Телқозыға да тіл алғыш Елгелді ұнаған еді. Телқозы бір жерге барайын десе атын жегіп дайындап қояды. Баяғыдай ояздың беретін бес сомы жоқ. Жойқынбек бір қойға жалданып жүре берді. Арасында Шоң ақша да беріп қоятын.