– Сенің атыңды неге Жойқынбек қойған?

– Айқынбектен кейін әкеміз ер бала көрмей жүріп, мен туғанда Айқынбекке ұйқастырып Жойқынбек деп қоя салған ғой. Өзіме де ұнамайды. Бірақ әкең қойған аттан қалай құтыласың?

Содан кейін Шоң тағы сұраған:

– Нешеге келдің?

– Он бестен он алтыға аяқ бастым.

Шоң жастау екен деп ойлады. Әлгі адамдардың ішінен тандап алып қалған өзі. Енді басқаны алайын десе ұят боларын түсініп, үндеген жоқ.

Шоң Күмісті шақырып алып айтқаны: «Мына жігіт бұдан былай біздің үйде тұрады. Осы үйдің бір мүшесіндей көр, тамағын уақытында беріп, киімін жуып тұрасың».

Сонау күндердің оқиғасы әлі ұмытылған жоқ еді. Күміс Шоңмен онша тіл қатыспайтын. Бірақ осы үйдің келіні есебінде айтқанын екі етпей орындайтын. Телқозының алдында Шоңның үлкен беделі барын білетін. Күміс үндемей кетіп бара жатыр еді, Шоң оның артынан дауыстап:

– Естідің бе? – деді.

– Естідім, – деп Күміс басқа тіл қатпай шығып кеткен.

Жойқынбек тұрып айтты:

– Шоңке, мен кеткенде ағам Айқынбек үйде жоқ еді. Ол кісі ар жағымыздағы Темештер ауылына кеткен. Мен соған барып айтып келейін. «Хабарсыз кетті» деп ренжіп жүрер.

Шоң осы бір ауыз сөзінен-ақ жігіттің тәртіпті екенін сезе қалды. Рұқсат берген. Жойқынбек шығып кеткеннен кейін, үйде отырған Телқозы:

– Шоң, осы Елгелді неге керек, поштабай болатын адамды өз аулымыздан да табатын едік қой, – деді.

Шоң Жойқынбекті поштабай етіп алып отырғанда, араздасып отырған екі руды жақындастырмақ ойы бар еді. Әкесі дастархан басында айтылған сөздердің бәрін ұмытып кеткенін сезді. Әкесінің мына сөзіне ренжіп қалды да:

– Телқозы, сіз менің шаруама араласпаңыз. Мен кімді жұмысқа аламын, онда шаруаңыз болмасын.

Телқозы баласының мына сөзін жақтырмай тысқа шығып кетті.

Ертеңіне Жойқынбек келген еді. Шоң одан анықтап сұрап алған:

– Ағаң ренжіген жоқ па?

– Қайта менің поштабай болғаныма қуанып жатыр… Өзі де келмекші еді. Ар жағындағы Темештерден қыз алайын деп жүр. Кейін келіп сізбен сөйлесемін деді.

Шоң оның не сөйлесетінін түсінбеді де:

– Ол ағаңның не сөйлеспек ойы бар менімен?

– Ол кісі де поштабай болғысы келеді.

– Маған поштабайлыққа бір адам жетеді. Екі адам қажет емес.

– Ендеше мен үйге тағы бір барғанда түсіндіріп айтайын оған. – Осымен ағасы туралы сөз бітті. Шоң Жойқынбекке жұмыс жағдайын түсіндіре бастады.

– Пошта сонау Ақтаудан келеді. Сен оны Ақмолаға жеткізіп беріп, одан берген поштаны осында жеткізуге міндеттісің. Меніңше, бұл жұмыс оңай емес, кейде асығыс, поштаны сол күні Ақмолаға күндіз-түні жүріп жеткізесің. Жолда Тілен, Құлымбет ауылдарынан ат ауыстырасың. Бір-екі сағат жағдайға қарай дем аласың. Жедел поштаны айтқан уақытында жеткізу бірінші талап. Егер оны орындамасаң, маған да, саған да сөз келеді. Онда жұмыстан кетесің. – Турасын айтқан еді, Шоң сөзінің сонда.

Шоңның бірден бұлай жұмыстан кетесің дегені Жойқынбекке ұнамай қалды. Шоңның өзі де артықтау сөйлеп қойғанын сезді де:

– Ондай пошта жиі келіп тұрмайды. Айында екі-үш рет қана болады. Басқа уақытта асықпай апарасың. Тіпті, поштаның бес-алты күн келмейтін күндері де болады. Ондай кездерде менің атымды жегіп, атшым боласың.

Шоң атшылық туралы әуелінде айтпаған. Поштабай сөзі ұнап тұрғанымен атшы боласыңы ұнамады. Ойланып отырып қалды. Шоң мына жігіттің ойланып қалғанын сезе қойды да:

– Мен еңбегіңе ай сайын бір қой бермін. Ояз бес сом ақша төлейді.

Бес сом ақша, бір қой қыруар табыс еді. Шоңның мына айтқаны Жойқынбектің көңілінен шыққан болатын. Арада бес күн өткенде Ақтаудан пошта келді. Келген кісіге Шоң Жойқынбекті таныстырды.

– Бұдан былай сендер әкелген поштаны осы кісі апарады, – деп Жойқынбекті көрсетті. Ақтау бекінісінің бастығы да пошта тасып жүрген адамға айтқан алдында, «бұдан былай пошта тасу жаңа болыстың мойнына жүктеліп отыр. Енді біздің жұмысымыз жеңілдейді» деген еді. Расында, пәлен шақырым жерді салт атпен жүру оңай болмайтын. Енді бұдан былай Қараағаш пен Ақмола арасындағы поштаны басқа адам жеткізеді. Ақтаудан келген орыс қуанып қалды. Әлгі адам Ақмоладан келетін поштаны күтіп Шоң аулында қалды да Жойқынбек Ақмолаға тартқан. Шоң әкесіне айтып, бұл аса манызы бар мемлекеттік шаруа екенін түсіндіріп, бір ұшқыр ат бергізген. Бұрынғы болыстар орыс поштабайлардың тілегі бойынша кез келген ауылдың байларынан кезекпен ат алып беретін. Бірақ бұрын Телқозыдан сұрамайтын еді. Әкесі тұрып Шоңнан сұрады: