Көңіл- күйім бүгін аздап бүлінді…
Әр таңымды бақытым деп қарағам,
Тілеуімді беріп Аллам қалаған.
Бірақ, кейбір адамдардың пиғылын,
Түсіне алмай қатты талай «головам»…
Өткендерім көз алдымда бұлдырап,
Өзегімді мың өкініш ұрғылап.
Дегенменен, жақсы шығар деп қоям,
Орыстардың «бедасынан» бұл бірақ…
«Көзің сұлу, өзің сұлу, әппағым,
Сенен өзге бір жақсыны таппадым» —
Деп біреулер «суперский» сезімін,
Паш етсе де, елең етіп жатпадым…
Өлең жазып жүрсем- дағы салмақтап,
Баға берер жандар да бар ардақтап.
Арасында гүл шоқтарын лақтырып,
Біреулер жүр «сердцелері» қалбақтап…
Ойымды айтсам, кім түсініп, күлер кім,
Махаббат деп өлеңдеттім бірер күн.
«Ғашықсың ба, кімді ұнаттың» демеңдер,
А так мен де «женасымын» бір ердің…
Құс емеспін, әрине, мен тордағы,
Демес те едім, бағым басқа қонбады.
«В браке» деген маңдайшаға қараңыз,
Көз жүгіртпей суретіме фондағы…
Тақтырмаспын бойымдағы арға мін,
Шүкір еттім қолымдағы барға мың.
Туралығын айтамын деп ренжітсем,
«Характерім» осы менің, талғамым…
Кім жақтырар бөспе мінез, мыжыңды,
Деп жүрмегін іштей кейіп «ту, жынды».
Осыменен аяқтайын, тоқтайын,
Қызғандырып алмай тұрып «мужымды».

23. Бақыт таңы

Бүгінгі бал күнім- бақыттың нышаны,

Көгімде Күн күліп, өбектеп қарады.

Қолымнан белгісіз күш келіп қысады,

Білмедім қай жаққа жетектеп барады…


Шабыттың бұйырса төрінен бір орын,

Тоқтамай жазармын ал, сосын өлеңді.

Халқыма сыйлар ем содан соң жыр- өрім,

Жүрекке жетердей жағымды, көлемді…


Сағым боп кетпесін дәл осы шақтарым,

Жүргенім жақсы ғой мәз болып осыған.

Жанына жақынын қияды жатқа кім,

Оны ойлап, тағы да ойымнан шошынам…


Көзімнен көрдің бе, бір мұңды әлдебір,

Жо- жо- жоқ, ойлама бақытсыз деп мені.

Жүрегім қуанып, бақытты хәлде жүр,

Демек, бір Алланың сыйы кеп жеткені…


Жабығып, қамығып жүруді ұмытқам,

Кездерім молаяр шаттанып, қуанған.

Мен үшін тек енді атады күліп таң,

Жыр жазып ендігі жүрмеймін жыланған…


Сол үшін өзгеріс әкелдім ойланбай,

Басайын, жә, жетер, жүректі бұлқынған.

Көңілсіз өлеңнен біржола тойғандай,

Қаламды лақтырып тастадым мұң тұнған…


24. Ақын ойы

Жаңылдым ба, сірә, мен есебімнен,
Бүгінгі күн тым ауыр кешегімнен.
Көз іліне бастаса түнде осылай,
Шошып, тұрып кетемін төсегімнен…
Қара түннің пердесін ашып тағы,
Көңілім тұр алаңдап, жасып хәлі.
Жарқ етті де, бір жұлдыз әні сөнді,
Әлдекімнің кеткендей қашып бағы.
Суық самал тоңдырып өне бойды,
Кенеттен бір қара бұлт төне қойды.
Тырс- тырс етіп жауынның
..ақ тамшысы,
Ұрлады кеп мендегі «өлең- ойды».
Сиқыр сезім арбайды кейде мені,
Көк теңізге батырады ой- кемені.
Нені танып- біліп мен осы күні,
Нені ұға алмадым, ә, кейде нені?
Қара шашын таранып қара түнім,
Дегендей, «мен келдім, ал, ақыным».
Кеш қарайса, мөлдір мұң тұсап алып,
Әдетім ғой, мұңға батып қалатыным.
Көзді жұмсам, не сезіп, не көремін,
Жанға жақын бұл күнде тек өлеңім.
Мейлі бақсыз, бақытсыз боп өтейін,
Өлсем, бірақ «өлеңім» деп өлемін…
Эльмира Сәрсенбайқызы
25. Кек аламын

Өткен күннің елесін ұмыт қылып,

Бәрі Алланың сынағы деп аламын.

Кімнің кім екендігін шын ұқтырып,

Бір сәтте өзіме өзім кеп аламын.

Күндеген күншілімді қызықтырып,

Бақыттан бағыма гүл еге аламын.

Мені жылатқандарды тізіп тұрып,

Бір күні бәрінен де КЕК аламын…


26. Қайтесіз?

Қайтесіз, мұңымды есіп жырымдағы,
Күй осы менде бүгін… бұрын- дағы.
Жанардан жас құрғамай жүруші едім,
Мен бейбақ бір «бейбаққа» ұрынғалы…
Жарқырап Күн тұрса да, Ай жымиып,
Басыма бақ сыйлады қай күн үйіп?
Шемен боп қатқан іште шерге айналды,
Кеудемді кері тартқан қайғым ұйып…
Қайтесіз, мендік жайдың толған мұңын,
Бүлдірген бәрін өзім қолдан бүгін.
Жақынның қиянатын көрсем, демек,
Соншалық менің «әлсіз» болғандығым…
Мазасыз күй кештірдім сізге де мен,
Жүргем жоқ, табамын деп өзгеден ем.