И. И. Чеснокова өзіндік сана құрылымындағы өзара байланысты 3 компонентке бөледі:
– өзін-өзі тану;
– өзіне деген эмоциялық – құндылықты қатынас;
– тұлғаның мінез-құлқын өзіндік реттеу.
Бұл аталған компоненттер И. С. Конның өзіндік сана құрылымындағы көрсеткен компоненттеріне ұқсас келеді. Оның пікірінше, «Мен» бейнесі —бұл көзқарастар және ұғымдар формасындағы жай ғана бейне болса, ал әлеуметтік нұсқаулар тұлғаның өзіне деген қатынасы болғандықтан, 3 компоненттен тұрады:
– танымдық (когнитивті);
– эмоциялық (өзінің қасиеттерін бағалау);
– мінез құлықтық (өзіне деген практикалық қатынасы).
Басқалардың еңбектерінде де дәл осы компоненттер кездескенімен, біреулерінде олар форма ретінде немесе тәсіл ретінде қарастырылған. (В. Джеймс, В. М. Бехтеров, В. А. Ядов және т.б)
Өзіндік сананың басты қызметі – адамға өз әрекеттерінің мотиві мен нәтижелеріне қол жеткізу, өзін-өзі бағалауына, өзінің кім екенін түсінуіне мүмкіндік беру. Егер бағалаулары өз көңілінен шықпаса, онда өзін-өзі жетілдіру мен айналысуға болады немесе қорғаныс механизмдері арқылы жағымсыз жайттарды ығыстырып, көзіндегі конфликтіні болдырмауға көмектеседі [2,150—155 бб].
Өзіндік сана – бұл адамға тән бастапқы немесе алғашқы мәлімет емес, ол дамудың өнімі.
Адамның өмірлік тәжірибесі жинауына қарай оны өмір жайлы қайта ойландырады. Осы қайта ойлану үрдісі адамның барлық өмірінде жүре отырып, адамның өмірде шешетін тапсырмаларының ішкі мазмұны мен іс-әрекет мотивін анықтайтын ішкі дүниесінің негізгі мазмұнын қалыптастырады.
Адамның қоғамдағы, еңбектегі, жеке өміріндегі кез-келген өзгеріс тек оның іс-әрекетін өзгертіп қана қоймай, сондай-ақ өзіне деген қатынасын, сол жағдайдың субъектісі ретінде де өзгертеді. Өзін ұғыну дегеніміз ол тек өзін психофизикалық тіршілік иесі ретінде ғана ұғыну емес, ол ең алдымен өзін әке ретінде, тәрбиеші, ұжымның мүшесі ретінде сезінуі болып табылады. Ұлттық және этникалық өзіндік сана. Ұлттық өзіндік сана дегенде адамның белгілі бір ұлтқа қатысты санасы деп түсінуге болады, яғни адамның белгілі бір ұлттың өкілі ретіндегі өзіне деген көзқарасы болып табылатын тұрақты, ұғынымды жүйе [25,140 б].
Ұлттық өзіндік санаға ұлттық ар-намыс, отанға деген махаббат, ұттық мәдениеттің объектілерін қабылдаудағы қуаныш, қандай да бір саяси қадамдар мен идеологиялық жағдайдың әділеттілігіне деген сенімділіктің болуын жатқызамыз.
Австриялық әлеуметтанушы және саясаттанушы Отто Бауэр ұлтқа тән табиғи және мәдени белгілерін анықтап көрсеткен. Оның айтуынша, ұлт «табиғи қауым» ретінде ата-ананың қасиеттерінің балаға берілуі тұқымқуалаушылықтан шығады. Дегенменде ұлтты ерекшелейтін белгісі ол сол халықтың тілі мен мәдениеті екенін де айтқан. «Мәдени қауым болмаған жағдайда, ол тек белгілі бір нәсіл ғана болып қалады әрі ол ешқашан ұлт бола алмайды» деп жазған екен Бауэр.
Ұлт – бұл өзінің шығу тегімен, тілімен, территориясымен, экономикалық жағдайымен сондай-ақ қауымдағы олардың этностық санасы мен өзіндік санасынан көрінетін психикалық құрылымы мен мәдениеті арқылы сипатталатын адамдардың ерекше тарихи қауымы.
Ұлттық қатынас көптеген кешенді сипатқа ие. Қатынасқа түсуші субъектілер өздерінің этностық санасы мен өзіндік санасын, сонымен бірге өздеріне тән сезімдері мен ақыл-ойларын жария еткендіктен белгілі бір шамадағы бай рухани мазмұнға ие болады. Осы кездерде кей жағдайда әр түрлі иллюзиялар адасулар және аңыздар да көрінеді. Бұл-халықтар арасындағы ұлттық-этностық қатынастарының көріну ерекшеліктерінің бірі [26,131б].
Этностық өзіндік сана адамдардың бірлескен ұзақ тіршіліктерінің үрдісінде әрбір топтың аймағында бір топты екіншісінен ерекшелейтін жалпы ортақ әрі тұрақты белгілері қалыптасты. Осындай белгілерге тіл, тұрмыс мәдениетінің ерекшеліктері, сол халыққа немесе этносқа тән салт-дәстүрлері жатады. Бұл белгілер халықтың этникалық сана сезімінен көрінеді. Халықтың этностық өзіндік сана ерте ме, кеш пе, оның шығу тегіне белгіленіп, салт дәстүрлерінен, өзінің басқа халықтар ішіндегі орнын белгілеп білуінен, яғни өзінде өзіндік сана көріне бастайды. Этностық өзіндік сана субъектінің өзінің этностық қауым ретіндегі ұғынуынан да көрінеді. Өзін қандай да бір этностық топтың мүшесі екенін сезіне отырып, адам жалпы қоғам алдындағы қорқынышын жойып өзін сенімді ұстайды. Тұлға деңгейіндегі этностық өзіндік сана. Жекелеген адамның этностық «Мен концепциясы» – өзіне белгілі, өзінің этносы бейнесімен тығыз байланысты өзі туралы көзқарастарының тұтастай жүйесі болып табылады [26,131б].