– Болсын, тақсыр! – деді елшілер тағы да иіліп тағзым етіп. Сол күй-лері кері шегініп, шеткерірек барып тұрды.

– Даяшылар қайда, бұларға да кесені толтырып наурыз көже құйсын. Өздері жарытып тамақ ішпей ме, арық қатпа екен. Елдеріне біраз шыр жинап кетсін.

Айнала отырғандар патшаларының сөзіне тағы рақаттанып күліп алды.

Даяшылар оларға көже толы кесені ұсынып жатқанда, сырттағы қарашы қайта кірді:

– Хан ием, Кейхосрау шах хатшысын жіберген екен, алдыңызға кірсін бе?

– Бұл жиен нағашысын не себептен еске алып, керек етіп қалды? Кірсін.

– Кейхосроуды неге жиен дейді? – деді Нар Бидің құлағына сыбырлап.

– Өйткені, оның әкесі Сияуыш тұрандық қызға үйленген.

– Сияуыш Алып Ер Тоңғаның қолынан мерт болған жоқ па еді?

– Иә, кескілескен бір соғыста Алып Ер Тоңғамен жекпе-жекке шы-ғып, ажал құшты. Ал баласы Кейхосрау әкесінің орнына таққа отырыпты ғой.

Осы кезде сусар бөрік, түйе жүн қоңыр шапанды хатшы кіріп келді де, иіліп тағзым етті.

– Ұлы тәңірқұт! Кейхосрау Сізді Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, дұғай-дұғай сәлем жолдады. Егер мүмкіндігіңіз болса, бүгін жиеніңіздің мерекелік дастарқанының құрметті қонағы болса екен деп, ілтифат етті.

Алып Ер Тоңға дөңгелек жүзі шырайланып, ақ жарыла күліп алды да:

– Енді, жиеніміз жайылып жастық, иіліп төсек болып жатса, нағашысы неге бармайды екен. Барамыз! Бар, солай сәлем айтып бар!

Ер Нардың құлағына еңкейіп:

– Осы дастарқанда емес пе, Алып Ер Тоңғаның адамдарын шетінен мас қылып, шараптарына у қосып қырып салатыны?

– Иә, осы дастарқанда.

– Ендеше сол жайды айтып, барғызбай қойсақ қайтеді?

– Жоқ, болмайды, – деді Би. – Біріншіден, «Тәңірқұттың екі сөйлегені – өлгені», тәңірқұт «барамыз» деп уәде берді. Екіншіден, осындай Ұлыстың ұлы күні тұрандықтардың дәстүрі бойынша, жауының да дастарқанынан бас тартпайтын салт бар. Кейхосраудың есебі де осы емес пе. Сондықтан, бұл жолы үндемейік, ал барған соң бір мәнісін табармыз.


***

Шахтың мейман күтетін кең залы. Дөңгелене жасалған кең үстел. Төрде нағашылы-жиен болып Алып Ер Тоңға мен Кейхосрау отыр. Алып Ер Тоңғаның оң жағына – тұранның игі жақсылары – уәзір, билер мен ақсақалдар, қолбасшылар мен нояндар, Кейхосраудан төмен парсының игі жақсылары жайғасқан. Ал, Ер, Би, Нар есік жаққа жақындау орналасқан. Үстел үстінде тұрандықтардың ұлттық тағамдары – үйме табақ ет, қазы-қарта, қымыз, бауырсақ, ірімшік, ұлыс көже тағы басқа тағамдар.

Би жанындағы бауырларына сыбырлайды:

– Бауырлар, байқадыңдар ма, дастарқандағының бәрі – тұрандықтардың ұлттық тағамдары. Демек, бұл – қонақтарына деген сый-құрметтің белгісі, қонақтарының көңілін көтеріп, жайлан-дырудың бір тәсілі. Ал, дастарқанның екінші бөлігінде меніңше, парсының ұлттық тағамдары мен шараптары әкелінеді. Сөйтіп, қонақтарын жақсылап сыйлап, қыздыра отырып, өздері де мерекелік көңіл күйге енеді. Сондай қызу отырыстың үстінде қонақтардың алдына улы шараптар қойылады… Түсіндіңдер ме, бауырлар?

– Түсіндік.

– Ендеше сылтауратып далаға шығайық. Сол жерде ақыл-дасармыз.

Үш бауыр орындарынан тұрып, күтуші жігіттерге далаға шығу-дың ым-ишарасын жасайды. Олар бірден түсініп, біреуі оларды сыртқа ертіп әкетеді.


***

Үшеуі дәретханада тұрып, бірден жоспарға кіріседі.

– Бауырлар, біздің ең басты мақсатымыз, ас үйге бару екенін білесің-дер ғой?

– Иә, білеміз. Жаңа келе жатқанда ас үйдің қайда орналасқанын байқап алдық қой. Осы үйдің батыс қанатында, төменде екен.

– Ендеше, мына ашық терезеден төмен түсуіміз керек. Бауырлар, белімдегі арқанды шешіп алыңдаршы, – Ер көйлегінің етегін жоғары көтереді. Нар мен Би оның беліндегі ораулы арқанды тарқатып, босатып алады. Оның бір ұшын терезе жақтауына байлайды да, екінші ұшын терезеден ары асырып жібереді.