Бірақ Кир әйел падишаның бұл сөзін құлаққа ілмеді, «Соғысқа дайындала бер!» деп жауап жіберді.

Тұмар ханым болса, Кирдің өзі айтқан ақылға тоқтамасын білді де, бар әскерін жинап, парсыларға қарсы шеру тартып шықты. Бұл бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген соғыс болды. Ең алдымен қарсыластар алыстан бір-біріне жай оқтарын қара нөсердей жаудырды. Сақ сарбаздары Кирдің әскерін екі жағынан қоршай торуылдап, жақындап барып, улы жебелерді зуылдата атып, кері шегініп кетіп отырды. Алдыңғы лектегі парсылардың жаяу әскерінің қатары сирегенде, Кир патша атты әскерін майданға қосты. Тұмар ханым да Орхулан бастаған атты әскерін шығарды. Бұл соғыс кешкі ымыртқа дейін созылып итжығыспен аяқталды.

Таң сыз бере басталған келесі күнгі соғыста Кир арбалы әскерін жапты. Арбалардың доңғалақтарына өткір жүзді шалғылар бекітілген еді. Тұмар ханым оларға қарсы аттылы садақшыларын жіберді. Олар епті қимыл-әрекеттерімен арбалардан қашқақтай жүріп, ысқырма жебелерімен жау әскерін баудай қиып, парсылардың зәресін ұшырады.

Келесі кезекте парсылар қалқан-қамалды, найзалы ауыр әскерімен сақтарды таптап өтпек болды. Тұмар ханым оларға «Үлкер жәрік» соғысын салды. Екі жақтан үш жүз-үш жүз адамнан топтасқан атты әскерлер бірінен кейін бірі шауып барып, нөсерлетіп садақ атып, қайтып кетіп жатты. Осылайша бірнеше мың адам топ-топ болып бірінен соң бірі кіріп, парсының жаңғақтай мықты шымыр әскерінің быт-шытын шығарды. Кир шыдай алмай өзінің ең сенімді атты әскерін майданға жаудырды. Тұмар ханым да қыр астында жасырынып тұрған ұлы Спаргапистің қолын шабуылға шығарды. Біздің қаһармандарымыз Ер, Би, Нар да сол жасақпен бірге қылыш, алдаспандарын жарқыратып, парсыларды ығыстыра бастайды. Кир сақтардың барлық қолының айқасқа араласқанын көріп, ең мықтылардан құралған өз қолымен ұрысқа кірісіп кетеді. Тың күш сақтарды ығыстыра бастайды. Осы кезде Тұмар ханым бар дауысымен айқайлап:

– Сақ елінің еркін арулары! Ар-намысыңды қорғайтын кезің келді. Біріңнің әкең, біріңнің жарың, біріңнің бауырларың мына қанды қырғынның ішінде жүр. Жанымыз олардан ардақты емес. Кіріңдер майданға! – деп ұран тастап, өзі солармен бірге майданға қойып кетеді.

Ер-апалардың қан шайқасқа кіргенін көріп, сақ сарбаздарының намыс-жігері қозып, бұрынғыдан бетер жанталаса шайқасты. Содан Кирдің әскері жойқын күшпен кері серпіліп, қоғадай жапырылып жатты. Мұны көріп, шошынған Кирдің көзіне түнеу күнгі қөрген түсі қайта елес бергендей болды. Сонда ғана ол сол түстің бар мәнісін ұғынды. Ол түс Кирдің ажалына көрінген аян екен. Мұның тағына Ахемендер ұрпағынан тарайтын Дарийдің отыруы – соның көрінісі болып шықты. Кирдің көз алдына Хазар теңізінің буырқанысындай жойқын толқын елестеді. Сол толқын бара-бара екпін алып, қалың парсыларды баса көктеп келе жатыр еді. Дәл сол кезде қайдан пайда болғанын, Тұмар ханымның ұлы, ақ боз атты Спаргапис пен Ер, Би, Нар бастаған сарбаздар Кирдің алдынан шыға келді. Ер, Би, Нар патшаның оққағарларымен алысып жүргенде, Спаргапис Кирдің өзіне тұра ұмтылады. Кир мен Спаргапистің жанталасқан айқасы сүт пісірім уақытқа созылды. Сақтардың ұраны күшейіп кеткеннен алаңдады ма, әлде жас арыстанның айбатынан сескенді ме, атының басын кейін бұра бергенде, Спаргапистің алдаспаны Кирдің басын қағып түсіреді. Патшаларының ажал құшқанын көрген парсылардың одан әрі қарсыласуға дәрмені болмай, жапырыла ығысып, жан-далбасалап шегінді. Сақ жауынгерлері оларды түре қуып, жолдар-ында кесе көлденең жатқан Сейхунның кең дариясына топырлатып тоғытып, үстерінен жебе «нөсерін» жаудырды…

Сөйтіп, Тұмар ханым мен оның ұлы Спаргапис бастаған ұлы сақ ордасы «Азия әміршісі» Кирдің үш жүз мыңдық қалың қолын қирата жеңіп. Ұлы жеңіс тойын тойлады. Сол тойда Тұмар ханым Кирдің кесілген басын ызалана түйреп тұрып: