Бірсаудагер. Сонда бұл не – бұйрық па?!
Әкім. Қалай деп түсінсеңдер өз еріктерің. Тек бағаларың осы тізімдегі бағалардан аспаса болды.
Саудагерлер шуласып кетеді.
Әкім. (тағы да қаламмен столды тықылдатады) Тынышталыңдар! Бұл не?! Бұл сендерге базар емес. Қай жерде отырғандарыңды ұмыттыңдар ма?
2-ші саудагер. Мына шешіміңіз заңсыз! Әлде қазір нарық заманы екенін ұмыттыңыз ба?
Әкім. Қарағым, есіңде болсын – мен ешқашан, еш нәрсені ұмытпаймын. Және мен заңды да жақсы білемін. Мұны бұйрық деп қабылдағың келмесе, өтініш деп ұқ.
2-ші саудагер. Онда мен бұл өтінішіңізді орындай алмаймын.
Әкім. (иығын қиқаң еткізіп) Жақсы. Орындамасаң – орындама. Тек бұдан былай біз екеуміз дос бола алмаймыз. Ал дос болмағандар кім болады? Ә?
2-ші саудагер. Жоқ, мен сізбен қастасқым келмейді.
Әкім. (жымиып) Иә, мен де ондай ойдан аулақпын. Сонымен біз дос боламыз. Солай ма?
2-ші саудагер. Бірақ мен мына өтінішіңізді орындай алмаймын. Онсыз да менің дүкенімдегі бұйымдардың бағасы төмен. Енді қайда төмендетпекпін?
Әкім. Оны, ағайындар, өздерің біліңдер. Ол сендердің бастарыңның сақинасы. Ал маған өзімнің сақинам да жеткілікті.
Саудагерлер бастарын төмен түсіріп, бір-бірімен ақырын күбірлесіп отырып қалады.
Әкім. Ал, тағы кім менің ұсынысыммен келіспейді? (көзімен барлығын шолып өтеді, бірақ біреуі де қарсылық білдірейін деп басын көтермейді) Е! Бәрекелді! Сонымен – келістік қой. Онда мен сіздерді бөгемеймін.
Саудагерлер орындарынан тұрып есікке қарай беттейді.
Әкім. (қолына бір қағазды алып) Әй, біреуің мынаны әлгі Смағұловқа жеткізсін. Жаңағы менің өтінішімді де айтыңдар. Бір-екі күннен кейін мен тағы сауда орындарын тексеріп шығамын. Сосын менімен достасқысы келмегендермен оңаша сөйлесемін. Бірақ ондай ақымақ табылмайтын да шығар.
Саудагерлер шығып кетісімен әкім Жұмағалиға қарап көзін қысады.
Әкім. Бұлармен осылай сөйлеспесең болмайды. Және осы бастан олардың тиісті оындарын көрсету керек. Әйтпесе басқа мініп алады.
Жұмағали. Ол дұрыс қой. Бірақ… бірақ саудагерлердің крыша дегенін қайтеміз? Ертең солардың мықтыларының біреуі келіп біздің басымызды қатырмай ма?
Әкім. Ха! Ал менде ше? Қалай ойлайсың – менде крыша жоқ па?
Жұмағали. Білмеймін… бар шығар…
Әкім. «Бар шыға-ар!» Сырт жағымда бір мықты тұрмай мен бір ауданды басқарып нем бар дейсің? Ал және қалай деп ойлайсың? Кімнің крышасы мықты – менікі ме? Әлде жаңағы саудагерлердікі ме? Ә?
Жұмағали үндемей қалады.
Әкім. (қағаздарын ерсілі-қарсылы қозғап қойып селекторды басады) Шолпан! Тағы біреу бар ма?
Шолпанныңдауысы. Горкомстройдың бастығы қабылдауыңызды сұрап отыр.
Әкім. Ол не ғыл дейді?
Шолпанныңдауысы. Білмеймін. Жұмыс бабымен дейді.
Әкім. Жарайды, кірсін. Сосын бізге шай әкеп берсең – таңдай кепті.
Кабинетке егде тартқан адам кіреді.
Горкомстройдыңбастығы. Ассаламу ғалайкүм!
Әкім. Уағалайкүм ассалам! Жоғары шық! (алдындағы орындықты нұсқайды) Отыр. Сөйле.
Г. Бастығы. Менің ісім —әлеуметтік тұрғын үй құрылысының жоспары жөнінде. Жоспар тым үлкен.
Әкім. Жоспарды кемітпейміз. О жөнінде сөз қозғаудың да қажеті жоқ.
Г. Бастығы. Жақсы. Онда менің бір ұсынысым бар. Қаланың қақ ортасында, Әуезов көшесінде бір бес қабатты ғимарат тұр. Кезінде, тоқсаныншы жылдары, сол үй қаңырап есік-терезесінен айырылып қалған. Астыңғы қабатында асханамен дүкен болған. Ол ғимарат осы күнге дейін қаланың балансында тұр. Егер сол үйді қатарға қоссақ, әлеуметтік тұрғын үй құрылысының жоспарын толық орындауға болушы еді.
Әкім. Ол үшін не қажет?
Г. Бастығы. Қаржы керек. Көп емес – он миллион теңгеге жуық. Міне – смета бар. Біздің специалисттер ол үйді зерттеп шықты. (сметаны әкімге береді)