атты кітабында бұл хан елін «үш жүзге» 1538 жылы бөлгенін айтады. Өзіне Моғолстаннан қосылған ру-тайпаларға «Ұлы жүз» деп, Ақорданың Сарыарқадан Шу өңіріне қоныс аударған ру-тайпаларына «Орта жүз» деп, ал Ноғай ордасынан бөлінген алшындарға «Кіші жүз» деп айдарлатып ат тағады. Әлбетте, олар «жүздерге» алып жатқан географиялық аймақтарына, тіл ерекшеліктеріне, тарихи тағдырларына, мәдени-тұрмысына, әдет-ғұрып, салттарына, шаруашылық кәсіптерінің біртекті, ұқсастығына орай осылай қайта жіктеліп, бөлінгендері анық.

«Ұлы жүз» бірлестігі Жетісу жерінде көне заманнан қоныстанып келе жатқан Шу мен Талас, Сыр мен Іле өзендерінің құнарлы кең алқаптарын иеленді. «Орта жүз» бірлестігі сайын Сарыарқа даласы мен соған иығы тиіп жатқан жақын жерлерді жайлады. «Кіші жүзге» Еділ, Жайық арасы мен Орал маңына дейінгі жерлер тиді. Әлбетте, билігіне қарай әр ханның кезінде бұл жерлер бірде қолдан шығып, бірде қайта иемделініп, бірде тарылып, енді бірде кеңейіп отырды. Сондықтан соғыс-түйіс жиі болып тұрған аумалы-төкпелі заманда пәлен жер түгендікі деп біржолата кесіп айту қиын еді. Бүгінгі менің жерім ертең өзгенің иелігіне айналып кетіп жатты. Бәрі шартты түрде кесіліп, белгіленіп отырды. Біз де шартты түрде айтып отырмыз.

Тілі дегеннен шығады, «үш жүз» жұртының сол кездегі тіл ерекшеліктері диалектілер түрінде күні бүгінге дейін сақталған. Мысалға, батыс қазақстандықтар бізге машық емес «қасқа», «нән», «не зат» сияқты сөздерді жиі қолданады. Сосын олар ауыз-екі тілінде «ұлы жүз» үйсіндері сияқты алыстан орап, майдалап сөйлемей, кісінің үлкен-кішілігіне қарамай «сен» деп турасынан тартып сөйлейтіндігін де айтып кетсе болады. Сол сияқты қызылордалықтарды да ән айту әуені мен ырғағына, терме тарту ерекшеліктеріне қарап, өзгелерден тез айырып, тани аласыз. Қарақалпақстан жақтан келген қазақтар тіліміздегі «мақұл», «жарайдының» орнына «боладыны» көп қолданады. Ал тойхана өткізерде жасайтын әдет-ғұрып, дәстүрлеріміз, ырым-жырым, жоралғыларымыз өзінше. Осы күндері балаларымыз үйленер болса, баратын жерінің салт-дәстүрін әлек-шәлек болып сұрастырып жатқанымыз. Алайда, бұл біздің бір ұлт ішінде құда-жекжат, құдандал болып, өзара түсінушілік, сыйластық, жарастық тауып, бір әкенің балаларындай тату-тәтті өмір сүріп, тұрмыс құрып жатуымызға кедергі жасап жатқан жоқ. Бұл сонау Қасым, Ақназар хандар тұсында да ұлт болып топтасып, өз мемлекеттігімізді құруға нұқсан келтірген емес.

Әулетімізде біразымыздың аналарымыз, нағашыларымыз, енді біразымыздың құда-жекжаттарымыз, ал өкше басып келе жатқан біраз өскелең ұрпақтарымыздың шаңырақ ұйтқысы, өмірлік жансеріктері–келіншектері жер жәннаты Жетісу мен шөбі шүйгін, суы салқын сайын Сарыарқа даласын мекендеуші «Ұлы» және «Орта» жүз, сондай-ақ кейбір жүздерге кірмейтін рулардан болғандықтан, осы жүздер мен сол рулар тобы хақында да һәм қысқаша болса да мағлұмат беріп, әңгімелеп, тіл сындырып кеткенді жөн деп таптық.

Қазақ жүздерін жете зерттеген өткен ғасырлық атақты ғалымымыз Мұхамеджан Тынышпаевтың әңгімеміздің басында атап кеткен «Қазақ руларының генологиясы» деген тарихи еңбегінде («Рух» газеті. № 6. 2001 ж.) келтірген ру-тайпалық бірлестіктер жөніндегі мәліметтері Қазақ Совет энциклопедиясының «Жүз» мақаласындағы деректерден пәлендей айырмашылығы жоқ (4 т. 521б.). Мұнда да қазақтар үш «жүзден» тұрады. «Ұлы жүзге»:Сарыүйсін, Қаңлы, Албан, Суан, Дулат, Жалайыр, Шапырашты, Ысты, Ошақты Сіргелі және Шанышқылы; «Орта жүзге»:Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ; «Кіші жүзге»: алшындардан тұратын 3 топ: Әлімұлы, Байұлы,Жетіру