Қазақ хандығының шекарасы барынша кеңейіп, мейлінше күшейген, халқы мамыражай өмір кешкен кезі қазақтың осы көреген, ақылды, шебер дипломат, дарынды да батыл әскери қолбасшы Қасым ханы билік еткен тұста болды. Деректер оның кезінде қазақтар саны 1 миллионнан асып жығылғанын айтады. Ол тек соғыстар жүргізумен ғана шектеліп қалмай, ел қамы үшін басқару, заң, сот жүйесін жетілдіру мақсатында түрлі реформалар енгізгені белгілі. Әйгілі «Қасым ханның қасқа жолы» дейтін өмірдің түрлі жақтарын қамтитын заңдар жиынтығы сол кезде шықты. Хандық өзін біртұтас мемлекет деп, халық өзін толыққанды ұлт деп тап осы кезден сезіне бастады.
Бірақ Қасым ханнан кейін Қазақ хандығында құлдырау кезеңі басталды. Сұлтандардың билікке таласқан алауыздығы салдарынан 1523 жылы тақ мұрагері Мамаш хан мерт болды. Билік Қасымның немересі Таһир ханға ауысқанымен ол етек алып кеткен алауыздықты тоқтата алмады. Ноғай Ордасымен арақатынасын шиеленістіріп алып, ішкі билік жағдайын одан әрі асқындыра түсті. Осы кезде жеке басының қаталдығынан жәбір көрген көпшілік, жығылған үстіне жұдырық дегендей, оны тастап көше бастады. Нәтижесінде Таһир хан хандықтағы үстемдігінен айрылып, Жетісуды ғана иемденіп қалды. Онда да өз билігін сақтап қалу үшін жеріне көзалартуын тоқтатпаған өзбек Сұлтан Саидхан мен қырғыз манаптарымен үнемі соғысумен болды.
Қазақ хандығының жағдайы 16 ғасырдың екінші жартысында Ақназар хан (1538–1580) билік еткен кезеңде ғана оңала бастады. Оның ұтқыр дипломатия мен жігерлі қимылдарының нәтижесінде хандық саяси жағынан қайта өркендей бастады. Жайықтың сол жағалауындағы толып жатқан көшпелі ру-тайпаларды өзіне бағындырып, Жетісу мен Тянь-Шаньға көз тігуін тоқтатпаған моғолстан ханы Әбд ар-Рашидке, Жетісудың шығысынан қауіп төндірген ойрат қалмақтарына тойтарыс берді. Көршілес орыс мемлекетімен саяси және экономикалық байланысын жандандыра түсті. Орта Азия халықтарымен бейбіт экономикалық-сауда қатынастарын одан әрі күшейтті. Нәтижесінде халықтың хал-ақуалы, тұрмыс жағдайы едәуір жақсара түсіп, сұлтандардың ішкі алауыздық, қырқысы бәсеңсіді.
Бұл ұтымды саясаттың хандық үшін аса тиімділігін Ақназар ханнан кейін жақсы түсінген Тәуекел хан болды. 1583 жылы қиын да болса, ел қорғанысы үшін аса қажеттігін түсініп, Бұхармен арадағы келісім-шартты бұзып, Сырдария бойындағы бұрынғы қазақ қалалары мен Ташкентті басып алып, өзіне қаратты. Ресеймен одақ құруға күшін салды. Осыған байланысты Мәскеудегі Ораз-Мұхаммедтің орнына аманатқа ұлы Хұсайынды қалдыруға дейін барды. Нәтижесінде орыстар әскери күшпен көмек көрсетіп отырды. Орта Азия мемлекеттеріне ықпал-әсерін күшейту мақсатында 1598 жылы Самархан мен Бұхараға жасаған жорығында қатты жараланып қайтыс болғаннан кейін, таққа інісі Шығайұлы Есімхан (1598–1645) отырды.
Соғыс, шайқастарда үнемі ерлігімен айрықша көзге түсетін оны халқы құрметпен «Еңсегей бойлы ер Есім» атап кетті. Ол Бұхармен жасалған бейбіт келісім-шарттың нәтижесінде Сырдария қалалары мен Ташкентті біржолата Қазақ хандығына қаратып, оңтүстігіндегі маңызды сауда-қолөнер орталықтарын өзіне бағындырды. Осы көреген саясатының нәтижесінде экономикалық сауда-саттық қатынастары үшін аса маңызды Ташкент қаласы мен оның атырабы