Өкінішке орай, үлкен зерттеуші, тамаша жазушылардың бірі, Қазақ Совет энциклопедиясы редакциясында оның қазақ тарихы бөлімін ұзақ жылдар жемісті басқарған, кезінде қызметтес ұстазым да болған марқұм Байұзақ Қожабековтің кейін жазған "Қазақия" (1999 ж.) кітабын, ауыл шалғай, уақыт тапшы демекші, дер кезінде қолға түсіріп, саралай алмадым.
Қазақ атауының шығу тегіне қысқаша болса да тоқталып кеткесін, ендігі жерде Сол Қазақияның жұрнағы–қазағымның басын қайта қосып, бүтіндеп, оны бүгінгі ұлт, мемлекет дәрежесіне жетерліктей етіп өзінің тарих атты тай қазанында сомдап шығарған әлеуметтік-саяси процесс барысы туралы айтпай кетпеске болмайды. Ол–қазақ хандығы жайлы әңгіме. Қазақ тарихы қазақ хандығынсыз сыңаржақ дүние іспеттес. Өйткені қалай қазақ болғанымызды білгеннен кейін, қалай қазақ мемлекетін, қалай оның алтын ұя бесігі–қазақ ұлтын құрғанымызды да білуіміз керек емес пе? Ендеше, әңгімеміздің ендігі алтын арқау, күміс қазығы қазақ хандығы мен ұлтының қалыптасу процесі жайлы болмақ.
3 бөлім
ҰЛТТЫҒЫМНЫҢ ҰЛЫ БЕСІГІ – ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫМ
Қазағым тарихын білмейтін тексіз, жеті атасын білмейтін жетесіз емес. Біз кімбіз, қайдан шықтық, қайда бара жатырмыз деген ежелден келе жатқан ескі сауалға әрқашан ежіктемей тура жауап бере алуымыз үшін өз шежіреміз туралы әңгімелемес бұрын алдымен қазағымның қасиетті қарашаңырағы, ұлттық мемлекеттілігіміздің тұңғыш белгісі – Қазақ хандығының құрылуы жайлы айтып кетуді жөн көрдік.
Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған көшпелі қазақ тайпаларына сайыпқыран Әбілхайыр хан басқарған «Көк ордадан» бөлініп шығуға 1456–1457 жылдары ғана мүмкіндік туды. Бұл үшін олар Сығанақ қаласы төңірегіндегі «Көкқашан» деген жерде мұздай қаруланған хан ләшкерінің тас-түйін бекінген жоңғар қонтайшысы Үз Темір әскерінен оңбай, ойсырай жеңіліп, әлсіреп қалған тұсын ұтымды пайдаланып кетті.
Ешбір билеуші ешкімді ешқашан қан-төгіссіз өз еркімен босатып жібермесе керек. Сансыз көп жансыздары мен тыңшылары бар қанқұйлы, айлакер Әбілхайыр хан мен оның өзге жақтастары қос сұлтан мен олардың төңірегіне топтаса бастаған жұрт пиғылын білмей қалды деу әсте қиын. Олар білмеді емес, бұрыннан-ақ біліп келді. Бірақ іштен шыққан жау жаман демекші, қан мен тегі бойынша ұйымдасып үлгерген топтың күшін сезінгендіктен оларға ашықтан-ашық қарсы шығып, істі өз қолдарымен асқындырып, насырға шаптырып алғысы келмеді деп санаймыз. Кейін бұлар бөлініп, ауа көшкенде де «болар іс бәрібір болмай қоймады» дегендей соңдарынан әскер шығарып, қумағандықтары содан шығар деп ойлаймыз.
1456 жылы Әбілхайыр ордасынан үдере көшкен қазақтарды Моғолстан ханы Есенбұға құшақ жая қарсы алды. Не дос, не жау екендігін білмейтін мекенге қазақтардың әй-шәй жоқ баса-көктеп бара қоймайтындығы, мұндайда жер иесінің ашық қабақ танытатын келісімі керек екендігі бесенеден белгілі. Өйтпейінше бұл – өзгенің жерін басып алу, тартып алу, соғыс деген сөзбен парапар түсінік. Демек, бұл – жоғарыда ғалымдарымыз біліп айтып кеткендей, Керей, Жәнібек сұлтандар мен Есенбұға хан арасында көшіп-қону мәселесіне қатысты ертеден-ақ елшілік жүріп, бұрыннан-ақ екі жақтық келісім-шарт жасалып, белгілі дайындық жұмыстары болғандығын, Қазақ хандығын құру тосын емес, ілгеріден ойластырылған іргелі іс-шара екендігін аңғартады.
Бұдан байқайтынымыз Қазақ хандығын