мен қаласының болуы (Әбілбек Нұрмағанбетов. «Қазақ ру, тайпалары атауының төркіні». «Ана тілі» газеті. 13.05. 1993 ж. 5 бет) біріншіден, олардың да баяғыда Қазақияның құрамында болғандығын, екіншіден, кезінде бірлі-жарымды қазақ руларының оларға ілесіп бірге көшкендігін, сөйтіп олардың қазірге дейін осы аталмыш мекендерде байырғы аттарын сақтап тұрып жатқандықтарын аңғартса керек.

Кезінде бәріміз май шам жарығымен жастанып жатып оқыған айтулы «Қобыланды батыр» жырының бір нұсқасында кездесетін:


«Қайта жинап ел қылып,

Қалың Қазақ қонысын",– деген


өлең жолдары да қазақ қауымдастығының ертеден келе жатқандығын, бірақ тарихтың тар жол, тайғақ кешу кезеңдерінде Керей мен Жәнібек заманына дейін де осылайша бір емес, бірнеше рет ыдырап, қайта біріккен ұлыс болғандығын көрсетеді. Ал осы жырдың:


"Қырық мың үйлі қияттан

Қырық мың әскер қол алып,

Ақ қара бас ту алып,

Қызылбасқа жол алып,

Көшірем деп Қазанды

Бұл да күшті мол алып,

Қарамандай батырдың

Қабағына қар қатты,

Кірпігіне мұз қатты.

Қазанның естіп хабарын      

Ұйқы көрмей түн қатты.

Ноғайлыны алды,– деп,

Сүйекке таңба салды,-деп,"

(Ақсауыт. Батырлар жыры. "Жазушы" баспасы. Алматы. І т. 29 б.).


өлеңдетер келесі шумақтары қияттың ұлы Қараманның қарақыпшақ Қобыландымен үзеңгі тіресіп, үмбеттеріне жатпайтын ортақ жау–қызылбасқа қарсы бірге аттанулары да бұл екі жұрттың ноғайлы жұртымен бір кездері жан ашырлық жақын, бір Қазақ ұлысында болғандығын көрсетеді. Ал келесі:


"Шәһзатты қазірет,

Жарылқаушы құдірет,

Қызылбас басқа,

біз–үмбет",-

( Бұл да сонда. І т. 51 б.).


деген жыр жолдары қызылбастардың (парсылықтар) бұлар сияқты Қазақ ұлысына кіретін түбі бір түркі тайпасы емес, ділі мен діні бөлек бөтен жұрт екендігін тағы бір аңғартады. Халқымыздың ұмытылмас ақиық, саңлақ ақыны Жұбан Молдағалиев өзінің көпке танымал, кезінде елұранымызға да арқау болған, тау суындай сарқыраған рухты өлең жолдарымен «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп қатулана жырлағанда қазақ халқының тап осылайша бірде бірігіп, бірде ыдырап, басынан сансыз көп қысылтаяң, қиын шақтарды өткізген тарихи жағдайын меңзесе керек.

Тарихтың дәл осындай сын сағаттарында Қазақияның құрамынан оның біраз ру-тайпалары біртіндеп шығып, жаңа қоныс іздеп, көшіп отырған. Кезінде черкестерге де, қарашайларға да, балкарларға да, құмықтарға да, ноғайларға да осылай істеуге тура келген. Бірақ біз жақсы білетін бір жайт Қазақияның құрамына бірі қалмай кіріп, басқа түссе баспаққа дегендей, басқалар көшіп жатса да олар көшпеген, сол бағзы заманнан осы күнге дейін атын да, затын да сатпай, атауы аңызға айналған қоныс орнын да өзгертпей, біздерге мен қазақпын деп жеткен бірден бір тайпалар дені алшын мен қыпшақ, қаңлы тайпалары екендігі ендігі жерде ешбір күмән туғызбайды. Жоғарыда келтірілген фактілер мен бұл рулар Қазақстанның сол кездегі Қазақияға қараған батыс, оңтүстік-батыс аймақтарын күні бүгінге дейін мекендеп отырғандығы соның айқын айғағы.

Сонымен Қазақияның қасиетті қарашаңырағы бүгінгі қазақтардың ішінде алдымен соларға бұйырып, ғасырлар қойнауынан бүгінге дейін оның атын, ділін, тілін сақтап, ошақтағы отын өшірмей жеткізу алдымен солардың еншісіне тиіпті, Қазақия құрамына алдымен кірген де, алдымен қазақ атанған да сол ру-тайпалар деуге әбден болатын сияқты.

Мана әңгімеміздің арасында арқаның арғындары да алшындармен бірге Алтайдан асып келген ру-тайпа екендігін тілге тиек еткенбіз. Өйткені Алтайдан бізге дейін созылған Ресей жерінде сақталып қалған жағрафиялық топонимдерден оларға да қатысты аргу, яргу тәріздес қоныс атаулары ұшыратылған еді. Бірақ олар алшындармен