Біздіңше, ел арасында қаншама беделді болғандарымен қос сұлтанға мың сан жұртты үлкен ордадан бір түнде тез бөліп әкету әсте оңай іс емес екендігі анық. Тек "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара" жұмыла әрекет етуге үйренген топты ғана осылайша жылдам бөліп әкетуге болатындығы белгілі. Сондықтан қос сұлтанға ілесіп, үдере көшкен ру-тайпалар, жоғарыдағыша, тілімен, ділімен, дінімен, күнделікті ұстанған өмір салты, тіршілігімен, мақсат-мүдде күшімен ортақтасып, ұйыған, бұрыннан-ақ ұрандатып ұйымдасқан ортақ атаулары бар топ екендігі күмән туғызбайды.

Өмір сүру идеологиясы қан мен текке негізделген ру-тайпалық құрылымда тұрмыс кешкен халқымыздың о заманда басқаша топтасып, ұйымдасар жолы болмағандығы бесенеден белгілі. Сол себепті, айтпағымыз, аттары бар болғасын жеке отау боп бөлінгеннен кейін олар хандықтарына жаңа атау іздеп әсте әбігерге түскен жоқ. Бір кездері өмір кешкен, ерлік дәстүрлері ертеден-ақ бәрінің аузында, жыр-дастандарында айтылып келе жатқан, бәріне ыстық, ортақ, бәрін ұйытып, осы күреске бір кісідей жұмылдыра білген бабалары құрған ертедегі «Қазақ ұлысы» атымен «Қазақ хандығы» деп, ал өздерін солардың ұрпағы қазақтармыз деп атамағандықтарына кім кепіл дегіміз келеді.

Ал елді осы күреске бастап шыққан қос сұлтанның іс-тірлігіне келер болсақ, жұртты төңірегіне бұлайша топтастырып, бөліп әкету тек бір олардың тілек пен жігер күшінен тумағандығы мәлім. Оларды бұлай істеуге итермелеп, мәжбүрлеген қоластындағы ру-тайпалар жұртының түрлі тарихи себептерге байланысты бір кездері ыдырап, жойылып кеткен құзырлы ұлыстарын қайта жаңғыртып, құрғысы келген ғасырлар бойғы тілегі мен арман күші еді дегіміз келеді.

Сондықтан оларды бүлікшіл сұлтандар емес, Әбілхайыр ханның езгісінен жәбір көріп, оның билігіне енді төзіп, көңгісі келмеген ру-тайпалар мүддесін өз мүдделерімен тиімді ұштастыра білген қозғалыс серкелері, көсемдері десек ақылға қонымды, сыйымды сияқты.

Егер сол кездері соңдарында рухы, тіршілігі, салт-дәстүрі бір, отырықшылықтан гөрі, көшпелі мал шаруашылығымен айналысуды көбірек мансұқ еткен, ортақ атпен ұрандатып ұйымдасқан, хан сескенердей тас-түйін бекініп топтасқан туысқан ру-тайпалар жұрты тұрмаса қос сұлтанға өз дегендеріне жету, Әбілхайыр ханның қанды құрығынан құтылып кету әсте қиын еді. Тарихтың қоғаушы күші қашанда халық дегенімізде осыны айтпақпыз.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Әбусейітованың "У истоков государства казахов"атты мақаласында келтірген: "Конечно, образование Казахского ханства не было связано только с откочёвкой Гирея и Джанибека. Процесс развития казахской государственности был обусловлен всем хозяйственным, социальным, политическим развитием средневекового Казахстана и особенностями этнической истории казахов. Откочёвка явилась лишь событийным отражением одного из важных этапов становления казахской государственности",– дейтін тұжырымдары мұның растығын дәлелдей түседі ("Казахстанская правда". 22.06.2012 г.).

Біздің бұл байламдарымыз сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы, профессор Қуандық Есенғазының 2014 жылы 11 қарашада "Жас алаш" газетінің 89 нөмірінде шыққан "Өз ұлтыңның тарихын бұрмалау–өз әкеңді өзің ұрып өлтіргенмен бірдей" деген мақаласында келтірген:"Аласапыран соғыстар мен феодалдық бытыраңқылық салдарынан Дешті Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан мал жайылымын пайдаланудың дағдылы көшіп қону тәртіптері бұзылды, көшпенді тайпалар мезгілінде жайлау-қыстауларына бара алмайтын болды. Бұл көшпенді мал шаруашылығына ауыр зардабын тигізді. Осындай ауыр тауқымет тартқан халық бейбіт өмірді, Әбілқайырдың әділетсіз үстемдігінен құтылып, өз алдына тіршілік етуді арман етті"