Баланың таңбасына кішкене көз тіге, оны матаға қайта орап, кеудесіне байлап алды. Оның бойын бұрыңғыдай қорқыныш билеген жоқ, қазір ол тынышталып, болған жайтпен келіскендей. Аспан ашық, тек бірнеше мақтаға ұқсас бұлттар қалқып жүрді, анда-санда олардың көлеңкесі Батыраға түсті.

– Бізге артқа шегінуге жол жоқ, біз сор батпаққа белшемізден батқан сияқтымыз, ал одан шығуға көмектесетін қазір ешкім табылмас, өзімізді-өзіміз құтқаруға тура келеді, – деп ұйқыдағы сәбиге сөйлеп, орнынан тұра жылқысына жайғасып, артына бір көз тастап, жолды жалғастырды.


***

Бұл уақытта қаладан Дат пен әскерлері оны өкшелей келе жатты.

–  Жан-жаққа шашырып жүріңдер, сонда оны байқау оңайға түседі, егер көретін болсаңдар, бірден дабыл беріңдер, – деп Дат айқайлады. Қала ішіндегі шайқас Датқа көп шығын болды, ол сарбаздарының жартысынан айырылып, мыңға жуық жауынгері қалды. Олар бірнеше шақырымға жайыла орманға қарай беттеді.

Күн тас төбеден ауды, Батыра атты тез шаршамас үшін бұрынғыдай қатты шапқан жоқ. Ал енді «Ерұлан мен басқаларына не болды? Олар тірі ме? Өлі ме? Әлде тұтқынға түсті ма екен?» деген сұрақтар оның санасын торуылдады. Алдыға жүрген сайын, тек төбесі ғана көрінген алып ағаштың, енді көкжиектен жан-жаққа созылған бұтақтары да байқалды, ал артында қалған алып тау ақырындап кішірейе берді.

Батыра кеш батып, түн ортасына дейін тоқтаусыз жол жүрді, ал сәби жол бойы бір жылап, бір ұйқыға кетіп, кейде тыпыршумен болды. Батыраның бойын ұйқы басып, жорғалай шапқан ат үстінде ол қисаңдай маужырап, жүген мен үзеңгінің қоңыраулы үніне мән бермей, кейде қалғып та алды, тек астындағы ат анда-санда сүрінген кезде, селк етіп оянды.

Түн ортасына жақындағанда, олардың алдынан сайда өзен кезікті, оның жағасын қиыршық тастар көмкерілген, ал өзенде мөлдір таза су, жартысынан кішкене асып толған ай сәулесін шағылыстыра ақты. Батыра жылдам атынан түсіп, оны өзеннің жанындағы шөпке байлай, суға жүгірді, ол кеудесіндегі баланы мүлде ұмытып кетті, өзеннен суды алақанымен алып іше бастаған кезде, баланың бетіне су тиіп, ол шырылдап жылай бастады:

– Құдайым-ай, – деп орнынан қайта тұрып, баланың бетін көйлек жеңімен сүрте, оны әлдейлей жұбатып, өзен жағасынан алыстау жерге жатқызды.

Батыра жақсылап су ішіп, беті-қолын жуғаннан кейін, суық сумен мойнын ысқылып байлаулы тұрған атына қарады, әлгі жылқы аққан суға қарап, еріндерін жыбырлатумен болды.

– Саған әлі ішуге болмайды, досым, ауырып қаласың, кішкене күт, – деп жылқысына сөйледі. – «Бүгін түнде осында қонатын сияқтымыз, түнде жүру қауіпті, бірақ артымнан да қауіп келе жатқаны сөзсіз, дегенмен оларға да тынығу керек», – деп ол өзіне сөйлей, жан-жағына қарады. Айнала тыныш, ешқандай жануар немесе басқа да тіршілік иелері байқалған жоқ, ол от жағуға болмайды деп шешіп, қылышын қынабынан суырып, жанына қойды да, баланы қасына алып, шөп үстіне жатты, ал жылқысы жақын жерде жайылды.

Батыра шаршағанына қарамастан біраз уақытқа дейін көз іле алған жоқ, оның санасын жайлаған уайым, оған ұйықтауға мұрсат бермеді, «Енді не істеймін? Қайда барамын, бізбен не болмақ? Қарғыс атқыр!» деп іштей ойлады, бұл оқиғаның бәрі оған бір қорқынышты түстей болып көрінді, тіпті ол оянуға да тырысып көрді, бірақ ештеңе шыққан жоқ…

Ол Ерұлан мен Сұлудың және басқа да жүздеген сарбаздың мерт болғанына сене алмай отыр, бұл шындықты қабылдау оған тым ауыр соқты. Өзі сеніп, әділ деп жүрген билеушілер нағыз жауыз болып шыққанына сене алар емес. Осы уақытқа дейін ол өзінің жалған әлемде өмір сүргенін, ұйқыдан жаңа ғана оянғанын, бұл әлем ол ойлағандай керемет әрі қауіпсіз емес екенін түсінгендей. Батыра бұрын-соңды өзін бұлай қауқарсыз сезінген емес. Ол өзінің осыған дейінгі іс-әрекеті болмашы дүние екенін аңғарды, осыған дейін ол тек жоғарыдан берілген бұйрықтарды орындап қана жүргенін түсінді, енді нағыз шешімді қазір өзі қабылдап, ары қарай не істеу керектігін өзі шешетін сәт туғанын түсінді. Батыра орнынан ұшып тұрды да, жанында жатқан сәбиге көз тастады.