Сұлу дірілдеген қолын созып, оның жүзіне қойды. Ерұланға оның қолының суықтығы сезілді.
– Жылама, саған жылаған жараспайды… – деді, Ерұланның ыстық жасы Сұлудың жүзіне тамды, ол барынша тістеніп, дыбыс шығармауға тырысқанымен, еріксіз қайғырған үні естілді, – берік бол… сен бәрін еңсересің… бастысы баланы аман алып қал, ол сенің қолыңнан келеді, мен саған сенемін… – сол сәтте Сұлудың қолы жерге құлап, тынысы тоқтады – бұл Сұлудың ең соңғы сөзі болатын.
– Жо-жоқ, Сұлу! – деп Ерұлан оны құшағына басып, қайта жіберді де, анасының қанына малынған баласын оның жансыз қолдарынан ақырын алып, сыртқа шықты.
– Не болып жатыр? – деп келген Батыра күйменің ішіндегі көріністі көріп жерге тізерлей отырды, ол да көзіне келген еріксіз жасты ұстай алған жоқ, тіпті ұстауға да тырыспады.
– Батыра, енді баланың әкесі де, шешесі де сенсің, оған жақсылап қара, сен маған жақсы дос болдың, енді балама жақсы әке болады деген ойдамын, оны өзің сияқты батыл етіп өсір, – деп баланы созды, – жоқ деп айтушы болма, Батыра мен мұндай ауыртпалықпен өмір сүре алмаймын, мына жайт мені ішімнен өлтіріп барады, сен менің қазір қандай жағдайда екенімді елестете алмайсың… – деп кішкене кідірді, оның көздерінен жас шығуын доғарар емес, сондықтан сенен өтінемін баланы алып кет, сенен басқа ешкімнің қолынан келмейді, – деді басын шайқай.
Батыра баланы ақырын қолына алып, оның жүзіне қарады, тыныш ұйықтап жатқан баланың бетінде қан тамшылары қатты. Ерұлан да бір сәтке баласына үңіліп, белбауындағы қанжарын, оның үстіне қойды:
– Есейгенде берерсің және күйменің ішіндегі заттарды алып кет, сен осының барлығының артында не жатқанын анықтауың керек және мына былықтың барлығын тоқтат, мен жете алмаған, аяқтай алмаған істі енді сен соңына жеткізесің, менің және басқаларының өлімі бекер болмасын, берілме, – деді ол Батыраның иығына қолын қоя, – ал енді сәттілік, шап! Сен Батыс орман арқылы Жент қаласына барасың, далада жүрсең сені қолға түсіреді, – деді ол.
– Бірақ орман қауіпті екенін білесің ғой.
– Бізде басқа таңдау жоқ… – деп ол басын шайқады, – Батыра басқа таңдау қалмады, тек осылай ғана құтылуға мүмкіндік бар, оның үстіне Қамшат қаласында дүниеге келген сәбиді құтқарған сілеусіндер сонда кеткен… – деген сәтте, қақпаға бұзғының ауыр соққысы келіп тиді де, бір шеті жарылды, – жылдам қаш!.. Тоқтаусыз шап!… Тоқтама!.. Тоқтаушы болма! – деп онымен құшақтаса қоштасып, артқа бұрылып, – кәне жігіттер, соңымнан еріңдер, – деп қақпаны ұстап тұрған сарбаздарға, өз адамдарын ерте көмекке кетіп бара жатып, Батыраға:
– Мойныңа ауыртпалықты салғаным үшін кешір, досым, – деді. Атты сарбаздар жылқыларын жіберіп, қақпаға ұмтылды.
– Саған да сәттілік, – деп Батыра оның артында қалды.
Батыра жылдам матаға оралған баланы алдына байлап, қанмен былғанған күймедегі Ерұлан айтқан қапшықтарды, жылқының үстіне жайғастырды да, қақпа алдында болып жатқан қақтығысқа бір қарап, оңтүстік-батысқа беттеп, сосын қайта оңтүстікке жол тартты, оған Ерұлан айтса да, Батыра Жент қаласына жол арқылы баруды шешті.
Қақпа алдында нағыз соғыс басталды, ішінде сыртқа ұмтылған мыңдаған сарбаз қақпаны соқты, олар жан-жақтан қабырғалардың төбесіне мініп, үстіндегі қарсыластарының көзін құртып, төбеден төмен қарай қақпаны ұстаған сарбаздарға оқ жаудыртты, тіпті көз жұмған қарсыластарының денелерін төмен лақтырудан тайынған жоқ.
– Қалқандарыңды көтеріңдер, – деп айқайлады Ерұлан. – Оларды бұлай ұзақ уақыт ұстап тұра алмайтын сияқтымыз, іштегілерді қайта қалаға қарай ығыстырып, қақпаның дәл астына тұрып алғанымыз абзал – сонда олар бізге төбеден оқ атуын тоқтатады, кәне сап түзеп, оларды сыртқа жіберейік, – деді Ерұлан Әлиге.