– Е, немерелердің қылықтарын айтып күліп отырмыз ғой, одан басқа қандай әңгіме айтар дейсің. Жоқ әлде мені бір шалға айттырып келіп отыр деймісің? – деп апай күлді де қойды. Апайдың бұл сөзіне үшеуі де күлді.
– Ел ішіне мынандай бір күлдіргі әңгіме тарап кеткен екен. Айта отырайын, қызық болсын, – деп, елудің мол ішіне келген Гүлжан көрші алдымен өзі әбден күліп алды.
– Өзің ғана күлмей бізге де айтып күлсеңші, біз де күлейік те, – деді бұған қарап күліп отырған апай. Ал Медет ақсақал болса сөзін бөліп жіберген Гүлжан көршісіне, «әттеген-ай» дегендей томсырайа қарады.
– Баяғыда бір кемпірді баласы арқасына салып алып, айдаламен кетіп бара жатыпты. Күн ыстық, әлгі жігіт терлеп-тепшісе де шешесін арқасынан түсірмейді. Осылайша кетіп бара жатқандарында бір үлкен қария жолығып, «қайда барасыздар?» деп сұраған екен. Сонда кемпір:
– Мына жас жігіт менің кіші ұлым еді. Бармаймын десем болмай мені Меккеге апарамын деп, арқалап келе жатыр, – дейді кемпір қарияға.
– Апырай ә, Меккеге апарғанша қасыңа бір шалды отырғызып қоймады ма екен! – депті қария.
– Е, бала деген оны біле ме екен? – деген екен ұлының арқасында отырған кемпір.
Отырғандар бұл әңгімені естіп күліп жіберді.
– Нүрилә шырағым, шайыңа рахмет, үй жаққа барайын. Нағашы апаңның жиен ұлы келген соң биыл көмірдің жайы қалай болар екен, соны сұрай салшы?! Немесе кешке жақын өзім де кіріп шығармын. Сау болыңдар, – деп Медет көрші кетіп қалды.
– Ол көмірге не болыпты? Жылдағыдай аламыз ғой, осы кісі қызық өзі, – деді Гүлжан көрші тыныш отыра алмай.
– Былтырғы көмір нашар болды ғой, пешке салсаң болды ағаш сияқты жанып кетеді, еш қызуы жоқ. Сондықтан алдын-ала ойлап жүргені ғой, бір үйдің азаматы емес пе, – деп, Нүрилә апай Гүлжан көршісіне қарады.
Конец ознакомительного фрагмента.