Бәрі хормен «Келісеміз! Келісеміз!..» деп, жамырап қоя береді.
Ұлжалғас. Бірақ Тургенов артына тамаша-тамаша көп әдеби шығармалар мен кітаптар қалдырды ғой.
Тойболды (қолын сілтеп). Әй, шырағым, қойш соларды! Бұл күнде со кітаптар мен шығармаларды оқитын адам қалды ма мына жер бетінде? Тап қазір бизнестің, кәсіпкерліктің заманы. Ендеше құрметті Тургенов мырзаның өзі баяғыдай өзінің шығармаларымен мақтана алмас еді тап осы қазір ғайыптан тайып болып біздің ортамызға тіріліп келсе.
Нұрсұлу (көздері жайнап). Да-да, «Империя» – ресторан европейского класса! Ничего не скажешь – очень шикарная штучка!
Тойболды. Міне-міне айтқаным айдай келді. Өйткені мына бар ғой, менің зайыбым бірдеңеге қатты риза болса, немесе керісінше қатты қапаланса, осылайша орысша шүлдірлеп қоя береді. Ал дәл қазір ол кісі қатты риза болып тұр. Ендеше, бүгін сенің мақтануыңа әбден болады, Айдар Сейтқалиевич!
Гүлден(ерекше әсерленіп) Да, действительно, все классно! Супер!..
Айдар. Рахмет-рахмет.
Ұлжалғас. Ау, қадірлі меймандар! Енді отырайық. Мен білетін Айдекең болса, сіздер қанша мақтауын келістірсеңіздер де, ол жуық арада «қой» деп айта қоймайды. Сондықтан енді дастарханға жақындайық.
Айдар. (басын шайқап). Әркімнің бір жауы бар деген, а-а…
Бәрі қобырласып-жабырласып, орындықтардың аяқтарын дырылдатып, жұп-жұптарымен дастархан басына жайғасады. Болат келіп, шешесінің құлағына сыбырлайды.
Ұлжалғас (Болатқа).Жарайт, бара ғой. Бірақ тым кешікпе.
Болат. Кешіксем, «звондаймын» ғой.
Болат сыртқа бет алады.
Айдар(Болатқа). Әу, жігітім! Мына қонақтар сенің құрметіңе келіп отыр ғой.
Болат (артына бұрылып). Пап, мен қазір келем.
Айдар. Сенің қазіріңді білеміз ғой. Тағы да сол Жалғасбаеваға «свиданиеге» кеттің бе?
Ұлжалғас, Ту-у, сен де бір… Баланы кісілердің көзінше ұялтпай, жайыңа қарап отырш!.. Қазір біраздан соң келет.
Айдар (кекетіп). Иә, қазір жүгіріп келе қояр. Білеміз ғой о баланың жайын.
Болат кетеді.
Ұлжалғас.(Айдарға бұрылып, сұрақты жүзбен). Қартайғанда қандай шал болар екенсің?
Айдар. Қандай шал болам… Кәдімгі нормальный шал болам да.
Ұлжалғас. Қайдам, Құдайдың құтты күні мазамызды май ішкендей қылып отырмасаң… Ал, жолдастар, енді тамадамызды сайлап алып, мына шағын тойымызды әрі қарай жалғастырсақ… Егер сіздер қарсы болмасаңыздар, менде мынадай ұсыныс бар – тамадамыз Тәкең, Тойболды болсын деген. Кәне, осы ұсынысты қолдайтындарыңыз қол көтеріңіздер.
Бәрі қолдарын көтереді.
Қарсы, қалыс – жоқ. Тәке, бірауыздан бастық боп сайлануыңызбен құттықтаймын! Ендігі сөз кезегі – өзіңізде.
Тойболды. (тамағын қырнап). Мынау өзі аяқ астынан қызық болды ғой… Бірақ енді бір жағынан дұрыс та сияқты. «Сағынайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба» демекші, мен енді жан досым Айдекеңнің туған күнінде асаба болмағанда, қайда болам. Олай болса, не десем екен?..
Нұрсұлу. Бірдеңе дейсің де енді…
Тойболды. Олай болса, жолдастар…Ту-у, коммунистердің заманынан қалған осы бір сөз де қыстырылып бәле болды ғой. Ханымдар мен мырзалар деуім керек екен ғой. Ал қымбатты ханымдар мен мырзалар, біріншіден, алдарыңыздағы рюмкелеріңізге толтырып-толтырып құйып қойыңыздар!
Пауза.
Так, құйып болдыңыздар ма?.. Онда екіншіден… Иә-иә, екіншіден, сөз осы отырған бәріміздің асқар таудай ағамыз, Алматы мемлекеттік университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сұлтанбек Ертуғанұлына – қадірлі Сұлтекеңе беріледі.
Нұрсұлу. Ура!..
Ұлжалғас. Ура!.. Ал, аға, құлағымыз сізде!
Пауза.
Сұлтанбек (орнынан тұрып). Ал, Айдаржан, келін! Ең алдымен сендерді мына Болаттарыңның ат жалын тартып мініп, азамат болғандығымен құттықтаймын! Ұзағынан сүйіндірсін. Екіншіден, Айдеке, туған күніңмен!.. Міне, біз сені мына Тойболды, Нұрсұлу үшеуміз білгелі он бес жылдың жүзі болыпты. Оның үстіне мен, сен, Тойболды үшеуміз бір кафедрада он шақты жыл қоян-қолтық қызмет еттік. Құдайға шүкір, бір-бірімізге «шәй» дескеніміз жоқ. Сонан сен тоқсаныншы жылдардың бас жағында ғылымды тастап, біржолата бизнеске кеттің. Сүйтіп кәсіпкерлік әлемінде шар болаттай шыңдалдың. Қазір, міне, сол әлемдегі төрт құбыласын түгендеген алпауыттардың біріне айналып отырсың. Есіңде болсын, біздің кафедра сол үшін өзіңді әрдайым мақтан тұтады. Басқа не дейім… Осылайша бақытың өрлей берсін! Біз, ежелгі достарың, саған соны ғана тілейміз. Арада жылдар өткен сайын сенің әулетіңнің мына «Империясы» үлкейіп, қыранша қанатын кеңге жая түссін!.. Сол үшін!..