– Сенің осы айтып отырғаныңның бәрін білемін. Мен өзің ойлағандай, бос қуыс кеуде адам емеспін. Осы саған келер алдында бәрін ақылға салып толғанғанмын.

Шоңға Әлсеннің мына сөзі ұнамай қалды. Баланың сөзіндей болып кеткендей көрінді.

– Нені ойландың, нені толғандың? – деді Шоң.

Әлсен сол сәт аузына сөз түспей айтары болмай қалғандай, үнсіз қалды. Алдында елдің тәуірлерімен үлкен ауыл болу туралы сөз болғанда соларды жақтап жүргенін естіген еді Шоң. Сонысын жақтырмай қалған. Мынадай сөз айтып тұрғаны содан еді. Шоң отырып айтқан:

– Екеуміздің пікірлерміз қабыспай жатыр. Қалай бірігіп жұмыс істейміз?

Әлсен мына сөздің қайдан туындап отырғанын біле қалды да, сәлден соң сөз бастаған:

– Қазаққа үлкен ауыл болып отыр дейсің. Ал соны анау ояз қолдай қоя ма?

– Қазақтар өз жерінде үлкен ауыл болып жатса, орыстардың онда қандай ақысы бар?

Дегенмен Шоңға Әлсеннің мына сөзі Карбышевтің сөзімен қабысып жатқандай көрінді.

– Сен Нұра бойының Тоқаларының үлкен ауыл болып отырғанына неге қарсы шығып жүрсің?

– Мен қарсы шығып жүргем жоқ. Ана Телекең бастаған адамдар ғой. Сен әуелі әкеңді көндір, содан кейін мен қарсы болмаймын.

– Сен әуелі мені қолда, содан кейін биге өткізуді ойланып көремін.

– Сен әуелі мені өткізсейші. Содан кейін сенің айтқаныңды қолдаймын.

– Мына арада сен маған билікті қимай отырған тәріздісің. – Әлсеннің қатты ашуланғанда есікті тарс еткізіп жауып үйден шығып кететін әдеті бар еді, бұл жолы да соны жасады. Шоңға бар ашуын сонымен білдіретін. Телқозыға да кейде соны жасайтын. Телқозы оның онысына мән бермейтін. Әлсен кеткен соң Телқозы кірді. Ол Шоңнан сұраған еді:

– Сен ана Шөміштің баласын ренжітіп жібердің бе?

– Ренжісе қайда кетеді? Ертең айналып өзі келеді.

– Сен Шоң Әлсен тәрізді өзің қатарлы жастарды ренжітпе. Өзіңе тарта бер. Анау шалдармен ренжіскенде сені қолдайды.

– Мен Әлсенді ренжіткем жоқ. Мені ренжітіп жүрген сізсіз.

– Шоң, сенің өткен жолы айтқаныңды жасай алмаймын. Пәлен жүз жыл отырған ата қонысыңнан көш деген не сұмдық. – Осыны айтты да Телқозы орнынан тұрып кетті. Шоң оның мына сөзіне сөз таба алмағандай, үндемей қалған. Сөйтіп отырғанда үйге Малай кірген еді.

– Сен ана Тіленді шақырып келші, – деді Шоң інісіне.

Сәлден соң екеуі бірге кірді.

– Сен бара тұршы, – деді інісіне Шоң. Ағасының айтқанын екі етпейтін орындайтын Малай шығып кеткен болатын. Ол кетісімен Шоң сөз бастаған еді.

– Сен есікті неге қатты жабасың? Сол екі ортада мінезіңді көрсеткің келе ме? Сенен қандай би шығады?

Әлсен Шоңның мына айтқанына тосылып үндемей қалды. Оның кейде қанша даукес болса да, дұрыс жерінде осындайда тоқтайтынын ұнататын Шоң.

– Шоң есікті қатты жапқанымды өзім де байқамай қаламын. Ол үшін сен мені кінәлама!

Шоң оның мына айтқанына сенерін не сенбесін білмей қалды, бірақ сенді. Әлсеннің қызба екенін білетін.

– Сен менің есігімді де, басқалардың да есігін қатты жапқанды қой. Сен есікті қатты жапқанында елді басынатының жатыр. Сонымен қоса мені де басынып отырсың. Әлгінде, есікті қатты жапқаның мені басынғаныңның белгісі.

– Сен Шоң енді қатардағы адам емессің, болыссың. Есі дұрыс адам болысты басына ма?

Шоң Әлсеннің мына сөзінде бір шындық жатқанын білді. Бәрі қызбалықтан болып жүргенін түсінді. Енді іштегі бір ашу басылып қалғандай болды. Соның ықпалымен сөйлеген еді.

– Мен ертең Ақмолаға жүремін. Жолға дайындал. Ояз өткізсе би боласың.

Әйімкүлге бармағанына біраз уақыт болып еді. Қатты сағынып жүрген. Бара жатқанын пайдаланып осы жолы Әлсенді оязбен бір кезіктіріп қайтуды ойлады. Соған орай айтқан әлгі сөзді. Әлсен Шоңның мына сөзін шығарып салма сөз бе деп ойлап қалды. Шыдай алмады: