– Сіз бұл жаңалықты қай орыстың кітабынан оқыдыңыз?

Орысша біліп тұрғанына қарағанда орыс кітабынан оқыды ғой деп ойлаған еді генерал. Онда айтар сөздері бар еді. Шоң басқаша сөйледі:

– Жоқ, мен бұл жаңалықты шығыстың ғалымы Дулати деген адамның кітабынан оқыдым.

Ал шындығында оңтүстікте тау басында қар жататынының себебін сонау бала кезінде бабасы Жанкелдінің аузынан естіген еді. Ол кісі Бұхар, Хиуа базарларына барып жүргенде, жаз айларында тау басында жатқан қарға қатты мән берген болуы керек, сол жақтың білетіндерінен сұраған екен. Шоңның айтып тұрғаны сол еді. Әдейі мына генерал алдында түрік тілдес ғалымдардың беделін түсірмеу үшін Дулати есімін атаған болатын.

Генерал таң қалып, шығыс ғалымдары да осындай жағдайды біледі екен-ау деп ойланып қалды. Енді әлгіндей сұрақ бергеніне өкініп қалғандай болды. Өз беделін өзі түсіріп алғандай көрінді оған.

– Кыпшақтар болыңыздар, енді казак дегенді қойыңыз, – деді Колпаковский сөзін сонда да тағы қайталап.

Шоң пәлен ғасырдан қазақ атанып келіп, енді кыпшаққа көшу оңай болмайтынын айтып еді, оған мән бермегендей Колпаковский казак мынау деп, қасында тұрған казакты қайыра көрсетті.

– Нағыз казак мынау. Міне, бұлар өз жеріне көшіп келіп жатыр. Сіз енді өзгелерді казак дегенді қойыңыз. Онда заң алдында жауап бересіз.

– Орыс заңында казак туралы заң жоқ қой…

– Болмаса, қажет етсеңдер, болады. Сонда сіздер казактардың мұнда көшіп келгенін ұнатпайсыздар ма?

Шоң генералдың өзін кінәлағысы келіп тұрғанын біле қалды да:

– Патша жіберіп тұрса, неге қарсы боламыз…

– Дұрыс айтасыз, екі жақ та бірін-бірі сыйлап, тату тұруы керек. – Халық атын атау үшін таласудың қажеті жоқ. Казактар казак болып қала берсін. Ал сіздер орыс ғалымдары айтқан киргиз болып қала беріңіздер.

Шоң бұл арада генералмен дауласудың ретсіз екенін түсініп айтқан болатын:

– Мен қоямын ғой. Халық қойса болады ғой…

– Халық та біртіндеп қояды. Сіз сауатты адам сияқтысыз, сондықтан казак туралы насихаттаңыз. Сонда ел біртіндеп жаңа атауға үйренеді. Солай емес пе?! Біз киргиздардың өсіп-өркендеуіне қолдан келгенше көмек жасаймыз. Ал қазір, мына таудың жоғары жағында сіздердің туысқандарыңыз, киргиздар тұрады. Бүгін сонда барып қонасыздар. Сіздерге біз тұрған бұл арада жататын орын аз. Тарлық жасайды. Ертең Кауфман мырзамен жолығасыздар. Мұнда нендей шаруамен шақырғанын сол кісі айтады. Мен білмеймін, – деді генерал.

Шоң оның жалған сөйлеп тұрғанын білді. Бірақ қарсы ештеңе айтқан жоқ. Карбышев тұрып:

– Герасим Алексевич, Шоң Телқозин осында қалса қайтеді?

– Бұл кісі қалса қалсын, – деді Колпаковский.

Шоң мына кісімен қалса тағы да казак атауы туралы басын қатыратынын білді және бірге еріп келген болыстарға реніш туғызатынын сезді де:

– Семен Иванович, мен болыстармен бірге барайын, олар ренжіп жүрер, – деді.

– Олардың ренжуге құқы жоқ. Мен айтып тұрмын ғой. – Карбышев бұл арада өзінің күшін көрсетіп тұрғанын Шоң сезе қалды.

– Олай жасасақ сіз де, мен де қателесеміз.

Карбышев көкейінде казактар сұрап отырған аттар тұр еді, содан кейін бұған қарсы сөз айтқан жоқ. Шоң болыстармен бірге кеткен. Қастарына орыс-казагы мен татар тілмаш бар, олар тауға қарай өрмелей жүріп кеткен. Әлгінде Шоңның орысша білетінін біліп алған казак-орыс Шоңға ғана назар аударып:

– Мына тау қойнауында бір бай киргиз тұрады. Соның үйіне алып барамыз. – Алдында генералға Шоңның біз қазақпыз деген сөзіне намыстанып, казак-орыс кеуделі сөйлеп кете жатты. Казак-орыстардың мінезін білетін Шоң оған онша мән бермеді.

Біраздан соң ағаш арасынан екі қазақ қарсы жолықты. Оларға ай-шай жоқ, татар тілмаш ұрса бастады: