Ол жай ғана өз өмірі үшін жауапкершілікті сізге жүктейді! Бұдан ол күштірек, жауаптырақ және ақылдырақ адамға айналмайды. Қайта ол барлық проблемаларын сізге артып қоя беретін болады! Әрине, егер сізге адамға көмектесуден гөрі, ақша маңыздырақ болса, клиенттеріңізге кеңес беруді жалғастыра беріңіз, осылайша оларды үнемі сізден кеңес сұрап тұратындай дәрменсіз күйде ұстайсыз. Ал егер сіз пейнхантер болғыңыз келсе, адамдарға көмектескіңіз келсе, мына жайтты нықтап есте сақтаңыз: ешқашан кеңес бермеңіз. Пейнхантингтің мақсаты – сеанстардың соңында адам нақты шешім қабылдап, өз шешімі үшін жауапкершілікті сезіне алатындай, оны өмірдегі жағдайларға анағұрлым бейімделгіш ету.

Психологиялық көмектің төртінші жолы – жеке пікір айту және өз ойын тықпыштау. Мысалы, клиент сізге әкесі хабарламасына жауап бермегендіктен, онымен ұрысып қалғанын айтады. Сіз оған бұған катысты жеке пікіріңізді, яғни бұл жағдайда толысқан адам ретінде әрекет етпегенін айтасыз. Я болмаса бұл жағдайда әкесінің дұрыс істемегенін айтып, пікіріңізді білдіресіз. Бұлай ету мүлдем дұрыс емес! Неліктен? Өйткені сіз төреші емессіз! Прокурор емессіз. Сіз заңгер емессіз. Сіз оған көмектесуді қалайтын адамсыз. Сіздің оған ақылыңыз емес, жан жарасынан арылтудағы салмақты көмегіңіз керек. Не айтсаңыз да, сіздің пікіріңіз субъективті пікір болып қала береді әрі ол объективтіліктен өте алыс болады!

Классикалық психологиядағы тағы бір кең таралған әдіс – категорияларға, тұлғалық топтарға және үлгілерге сай болуыңыз үшін сізді «қыспақтауға» үздіксіз тырысып бағу. Сіз психологқа отбасыңызда қиындықтар бар екенін түсіндіресіз, психолог болса жауап ретінде сіздің «күлгін-ішек-интровертті» екеніңізді, ал әйеліңіз «қызылкүрең-бүйрек-рационалды» тұлғаға жататынын айтады. Бұлардың не қажеті бар? Олар пайдасыз ғана емес, сонымен қатар зиянды! Өмірде біз әртүрлі уақытта, әртүрлі күйде боламыз. Мысалы, мектепте сіз тұйық болдыңыз делік, мұның себебі сол уақытта ата-анаңыз ажырасып жатқан болатын. Содан кейін ата-анаңыз қайта қосыла бастағанда, сіз кенеттен ашық-жарқын болдыңыз. Сосын әкеңіз маскүнем болып, анаңызды күнде ұрғаны үшін ашу-ызаға берілдіңіз, кейін анаңыз жүрек талмасынан қайтыс болғанда депрессияға ұшырадыңыз. Демек, әр деңгейде сіз әртүрлі күйде болдыңыз. Сондықтан, адамға табиғатынан тұйықсың деу, үлкен қателік. Ешкім де табиғатынан тұйық болмайды.

Адамды көбінесе шығармашылыққа бейім деп айту да, қателік. Бұлай деуіңізбен сіз оны бірден шектейсіз! Мүмкін ол үлкен саясаткер болғысы келген шығар, ал сіз оның тумысынан суретші екенін дәлелдеп, шешіміне араласасыз! Сондықтан да адамдар психологқа барар алдында жүз рет ойланады, өйткені психологтар олардың нәзік жан дүниесін дұрыс түсінбей, қандай да бір психологиялық шаблонды тым тез «жабыстырады» деп есептейді.

Алтыншы жолы – адамды кінәлау сезіміне итермелеу. Сіз психологқа қызыңызбен айырылысқаныңызды айтасыз, ал психолог сіздің бойыңыздан агрессияны байқап, сізді «төмендеткісі» келеді. Сөйтіп мәселеге басқа жағынан, яғни қызыңыздың тарапынан қарауға кеңес береді. Осылайша ол сіздің дос қызыңызға болған жағдайдың қаншалықты ауыр тигенін түсінгеніңізді қалайды. Көптеген психологтар бұл әдіс адамның естілігін арттыруға көмектеседі, клиент өз іс-әрекетінің дұрыс-бұрыстығы туралы ойланады деп есептейді. Бірақ көп жағдайда, клиент өзінің әрекеті дұрыс болмағанын жақсы түсініп тұрады. Ол неліктен өзінде өзгеге жамандық жасауға деген бастан кетпейтін ойы бар екенін түсінбейді. Ол одан құтылғысы-ақ келеді. Бірақ психолог оны одан бетер өзін кінәлауына итермелеп, адамды ұяң да жасқаншақ етеді. Адамның өз әрекетіне сырттай қарап, кінәсін түсінгені, оны мықты етпейді. Бұдан ол бақытты боп кетпейді. Қайта ол одан сайын өзгелерден шеттеп, тұйықталып кетуі мүмкін.