Бақытқа қол жеткізгіңіз келсе, мұрныңыздың дәл алдында тұрған осы бақытты көрсеңіз болғаны. Егер сіз оны көрмесеңіз, оның жалғыз себебі – сіздің қауіпсіздік қызмет тобыңыз. Дәл осы топ сізді бақытсыз, ақымақ және соқыр етеді. Сізге қауіп төніп тұрғанын сыбырлап, бақытты болуыңызға жол бермейтін де сол.
Бақыт Тибетте емес. Бақыт басқа елде емес. Бақыт басқа адамда емес. Бақыт басқа әрекеттерде емес. Өз пәтеріңізде тұрып, дәретхана тазалап жүрсеңіз де шынайы бақытты бола аласыз, тек ол үшін түпсансңызда қауіпсіздік қызметін тоқтату керек. Егер қауіпсіздік қызметі бар қуатымен жұмыс істеп тұрса, сіз ең керемет адаммен бірге болсаңыз да, әлемдегі ең жақсы қонақ үйде тұрып, ең жақсы мейрамханада тамақтансаңыз да, бақытсыз боласыз.
Сонда осы зиянды қауіпсіздік қызметімен не істеу керек? Оның зиянды әсерін қалай жоюға болады?
Жауабы қарапайым – онымен жұмыс жасай білу керек. Келіссөздер жүргізіп, қарым-қатынас жасай отыра, оны ақылдырақ етіп, осылайша бірте-бірте одан билікті алып, оны дамыту қызметіне тапсыру керек. Біз дәл осы істермен айналысатын боламыз. Осы әдісті қолдана отырып біз сізді бақыттырақ, күштірек және дана етеміз.
Енді үшінші векторға көшейік. Бұл – біздің есте қалған бейнелеріміз.
1.8 тарау. «Е» ВЕКТОРЫ – Жадымызды жаман бейнелерден қалай тазартуға болады?
Біз пейнхантингтің екі векторын қарастырдық. Бұл эмоциялар мен ойлар. Сіз олардың бір-бірімен байланысты екенін анық түсіндіңіз. Сондай-ақ эмоцияларымыз шкала бойынша жоғары деңгейде болған кезде, ойларымыз дана әрі адекватты болатынын түсіндіңіз. Керісінше, эмоцияларымыз шкаланың төменгі жағында болғанда, ойларымыз ақымақ та қисынсыз болады.
Ал жадымызда ше, шкала бойынша көтерілгенде не төмендегенде, не болады?
Балалық шағы бақытты өтсе де, кейбір адамдардың 40 жасына таман, өмірінде болған бар қуанышын ұмытып, тек жаман бейнелерді ғана есте сақтайтыны туралы айтқан едік. Алайда бұл адамдардың өзімен бір ортада, бір уақытта өмір сүрсе де, тек жақсы бейнелерді ғана есінде сақтайтын жақын туыстары не достары да бар ғой.
Яғни, олар бірдей нәрсені көреді, бірдей эмоциялар мен сезімдерді бастан кешіреді. Бірақ біреуі тек жаманды, ал екіншісі тек жақсыны ғана есте сақтайды. Бұл не нәрсеге байланысты?
Мұнда бір қарапайым механизм бар. Біз эмоциялар шкаласы бойынша неғұрлым жоғары тұрсақ, бейнелеріміз соғұрлым жарқын болады. Әдетте, апатиядағы адам дүниені мұңды және бос, мәнсіз етіп көреді. Ал шкала бойынша жоғарыда тұрған кезде, ол әлемді өте жарық та жарқын етіп елестетеді.
Сондықтан да, егер өмірім тозаққа айналған, есімде бірде-бір жарқын естелік жоқ деген адамды кезіктірсеңіз, оның сөзіне сенбеңіз және айтқандарын тікелей мағынада қабылдамаңыз. Егер ол тозақта өмір сүріп жатырмын деп ойласа, онда ол қазіргі уақытта шкала бойынша өте төменде тұр, бары осы. Егер оның бейнелерін пейнхантингтің көмегімен түрлендірсеңіз, ол бақытқа, еркіндік мен қуанышқа толы мүлде басқа әлемді көре бастайды.
Эксперимент жасап көріңіз. Көзіңізді жұмып, өміріңіздегі ең жағымсыз сәттерді есіңізге түсіріңіз. Содан кейін көзіңізді ашып, айналаңызға қараңыз. Не сезінгеніңізді есте сақтаңыз. Содан кейін қайтадан көзіңізді жұмып, бақытты болған кездерді, айталық алғаш ғашық болғаныңызды, өте құнды нәрсені сатып алғаныңызды, өзгелердің сізге қарап таңданған кездерін және т.б. кездерді еске түсіріңіз. Бұл жаттығуды көзіңізді жұмып, өміріңізде болған барлық жарқын кездерді еске түсіріп, бес-жеті минут бойы орындаңыз, содан соң көзіңізді қайта ашыңыз. Сонда сіз бөлмеңіздің жарқырай түскенін байқайсыз. Осы орайда бір қызық жайтқа назар аударыңызшы: бөлме сол, ешкім тағы бір шамды жаққан жоқ немесе тұсқағазды ашығырақ түсіне ауыстырған жоқ. Бірақ сізге бөлме жанданған сияқты, бұның мәнін түсінесіз бе? Сонда, мұнда шындығында не болды?