Осы екі вектордан басқа, біз әрі қарай қалған екеуімен, дене және жадымыздағы бейнелермен, жұмыс істеуді үйренеміз. Бірақ әрі қарай жылжымас бұрын, ойлардың тағы бір қызықты табиғатын қарастырайық. Біз олардың «өмір сүргіш» сипаттамаларын қарастырамыз. Сәлден кейін сіз санаңызда күніне он мыңдап туындайтын ойларыңыздың ешқайсысы да, арнайы қайта еске түсіріп, олардан өзіңіз бас тартпайынша, ешқайда жоғалып кетпейтінін түсінесіз.

Балалық шақта қабылдаған көптеген шешімдер, нанымдар, ойлар, тұжырымдар мен постулаттар түпсанамызда тұратынын және олардың ешқайда жоғалып кетпейтінін түсінесіз. Олар ұмытылмайды да, жойылып та кетпейді!

1.6 тарау. Үлкен корпорация сияқты ақыл-санамыз

Мынадай қызықты құбылысты байқағансыз ба: өзіңізге бірдеңені ұмытпауға уәде бердіңіз, сосын бұл уәдеңіз ішкі дауысыңызға айналады, кейінірек бұл ішкі дауыс ұмытпау тиіс нәрсені еске салады.

Мысалы, іссапарға бару керек болғанда, сіз заттарыңызды жинау үшін үйге барар жолда: «Құжаттарды чемоданға салуды ұмытпа» немесе «сөмкеге смартфон зарядтағышын салуды ұмытпа» деп ішіңізден ойлаған шығарсыз. Кейінірек қажет нәрсенің бәрін жинап болған соң сіз түпсанаңызда алаңдаушылық сезіндіңіз де, сізге онымен «сөйлесуге» тура келді. Сөйтіп сіз оны мұқият тыңдағанда, кенеттен ол: «Құжатты чемоданға сал» немесе «Зарядтағышты сөмкеге сал» деген ақпарат береді. Бұл ақпарат ойлар, ішкі дауыс немесе бейне түрінде келуі мүмкін. Бұл аса маңызды емес, десе де бұл сізге таныс жайт қой? Жоспарлаған заттардың бәрін салып болғаннан кейін ғана тынышталып, мазасыз күй кешпейтініңіз сөзсіз.

Немесе, мысалы, сіз көйлегіңізді үтіктеп жатқанда, балаңыз ойыншығына қатысты көмек сұрап сізді шақырып жатқанын естисіз. Осы сәтте өзіңізге: «Қайта келіп үтікті міндетті түрде өшіруді ұмытпа» деген боларсыз, сөйтіп бала отырған бөлмеге барасыз. Содан кейін көршілер есік қағып, коммуналдық төлемнің қымбаттағаны туралы жаңалық айтады, кейін қал-жағдайыңызды білу үшін ата-анаңыз телефон шалады. Осылай сіз үтіктеу процесін ұмытып кеттіңіз. Алайда соған қарамастан бір ішкі алаңдаушылықты сезіп тұрасыз. Беймаза болып, сізге бір нәрсе аяқталмағандай көрінеді. Ал егер босаңсып, ішкі дауысыңызды тыңдайтын болсаңыз, бірден «Үтікті өшіру керек» деген ақпаратты аласыз.

Осы қарапайым мысалдар арқылы мен сізге түпсананың атқаратын маңызды функциясы бар екенін жеткізгім келеді. Бұлар бұйрықтарды сақтау және оларды орындау функциясы! Әр адам түпсанасының осы функциясын интуитивті түрде қолданады, соның арқасында атқару керек әр іс-әрекетімізді қойын дәптерге жазып отырмай көптеген істерді жақсы атқара аламыз.

Бірақ бұл функцияның бір ерекше қасиеті бар. Түпсанаға өзіміз беретін бұйрықтар ешқашан жоғалмайды. Олар сіздің жадыңызда, былайша айтқанда «жазулы тұрады» әрі алаңдаушылық тудырады. Ол смартфон немесе ноутбук сияқты. Егер сіз көп қолданбалар топтамасын ашып, оларды жаппасаңыз, онда оперативті жады өте аз болады, сондықтан сіздің гаджетіңіз қарапайым функциялардың өзін өте баяу орындайтын болады. Үтікпен мысалдағыдай, қолданбаның барлық терезелерін жапсаңыз, смартфоныңыз «тынышталып», кез келген тапсырманы тез әрі оңай орындай бастайды.

Екінші ерекшелік – санамызға берілген командалар, кейде олардың орындалуының енді қажеті болмаса да орындалады! Бұдан сананың дұрыс емес есептеулері пайда болады, ал бұл ең ақымақ әрекеттерге, наным-сенімдерге және нәтижесінде өз істерінен зардап шегуге әкеледі. Бұл болса, өз кезегінде, сәтсіздікке және түрлі ауруларға ұшыратады.

Осы мысалдардың көмегімен сіз бір маңызды ойды түсінуіңіз керек. Түпсанаңыз не істесе де, барлығын сіздің бұйрығыңыз бойынша ғана істейді! Түпсанаңыз ешқашан сізді басқарып отырмайды. Егер өзіңіз рұқсат етпесеңіз, түпсанаңызды бөтен адамдар ешқашан басқара алмайды. Бірақ неге кейде түпсанамыз бізді тыңдамайтындай жағдай болады? Емтиханға үш күн қалғанда, түпсананың оған дайындалғысы келмеген кездері есіңізде ме? Жұмысыңызға қатысты көп іс атқару керек болғанда, саналы түрде диванда демалуды таңдаған кезіңіз есіңізде ме? Аудитория алдына шығып, сенімді сөйлеу керек болғанда, түпсанаңыздың неге екені белгісіз, қорқыныш пен ұялуды қосып, бұның салдарынан қызарып, қолдарыңыз дірілдеп кеткен сәттер есіңізде ме? Егер түпсанамыз біз берген бұйрықтарды қатаң түрде орындайтын болса, онда неге ол кейде бізді тыңдауды қояды? Бұл оның зорығып кеткенін білдіре ме? Әлде шамадан тыс жүктелгені ме? Сонда түпсана жұмысы мінсіз болмағаны ма?