Балама атаулары – дарақ, дарау, дара». (С. Қондыбаев, 62.18-19-б.).

Қазіргі кезде бәйтерек ұғымы – мықты діңгегіміз, тірегіміз, ұйытқымыз деген мағынаны да береді.


БӘЛЕДЕН МАШАЙЫҚ ҚАШЫПТЫ


«Бәледен машайық қашыпты». Бұл арадағы машайық сөзі араб тіліндегі «шейх» -тің көпше түрі. Ал машайық «қарт, қария» («Арабско-русской словарь». М., 1962, 533-бет). Өзбек тілінде машойих – «дін қызметкері», қырғызша машайық – «тақуа, дін тәрбиесін ұстаушы (адам)». Қазақ тілінде де сол мағыналарды және «әулие-әнбиелер жерленген көне мазарлардың шырақшысы, күтушісі» деген мағынаны (қар. Ш. Уәлиханов. Шығ., 129) білдіреді. Белгілі диалектолог ғалым Ж. Болатов Семей облысының Абай, Шұбартау аудандарында шайқы – «қожанасыр кісі», «алаңғасар», шайқы мінез тіркесі – «мінезі шәлкес, қияңқы» дегенді білдіреді деп көрсетеді. (Ә. Керімов, 51.).

Бұл мәтел біреуге тиіскісі кеп, түртіншектеп жүретін қияңқы, көп сөзді мылжың, пәлеқор адаммен айтысып-тартысып жатудан гөрі, көзіне көрінбей, қашып құтылған абзал деген ауыспалы мағынаны білдіреді.


БЕЗІ ЖОҚ ЕШКІ ПЫШАҚТЫ ТАБАДЫ


«Бабаларымыз малдың күйлілігін сауырына, бауырына, жауырына қарап айырған. Жай уақытта ешкінің семіздігін айыру мүмкін емес. Оны ешкі бағушы шекшектер жақсы білген. Ешкінің бұғасында екі безі болады. Жай уақытта ол көзге көрініп тұрады. Ал мал семіргенде қолдың жұдырығындай майға көміліп кете барады. „Безі жоқ ешкі пышақты табады“ деген мәтелдің тура мағынасы осындай». (Т. Майбас, 31. 25.06.2014.)

Безі жоқ семіз, қоңды ешкі соғымға кетеді, союға жарайды деген мағынаны береді.


БЕЙШАРАНЫ ЖҮНДЕЙ САБАПТЫ


«…Киіз басу дегенің үлкен бір мереке болатын. Әуелі ауылдың қыз-келіншектері киіз басатын үйге жүн сабауға жиналады. Әрқайсысының қолында жіңішке қатқан ырғайдан не тобылғыдан алынған екі сабау болады. Ортаға тері тулақты төсеп, үстіне бір құшақ күзем жүнді тастайды. Содан соң қыз-келіншектер айнала тізерлеп, алқа-қотан отыра қалып, қос қолындағы сабаумен тулақтың үстіндегі жүнді сабауға кіріседі. Қазақта әлдекім біреуден таяқ жеп қалса, „бейшараны жүндей сабапты“ дейтін сөз осыдан қалған». (Н. Қазыбеков, 56. 96-б.).

Киіз біртұтас, біртегіс болып шығу үшін, оған арналған жүн-жұрқаны алдымен сабап, түтіп жұмсартып, қопсытып алатыны да белгілі. Содан келіп, момын, қорғансыз адамдарды ұрып-соққанда немесе ұрсып жер-жебірене жеткенде «жүндей түтті», «жүндей түтіп жеді» деген сөз тіркестері де пайда болған.


БЕРГЕН ҮЙДЕ – БЕРЕКЕ,

БЕРМЕГЕН ҮЙДЕ БІТЕ БАР


«Жоққа жүйрік жетпейді, бар болса, берген жақсы. „Жасырғаның жоғалар, бергенің оралар“, – деп отырушы еді әжем марқұм. Ол кісі: „Берген үйде береке бар. „Берекем“ деген – періштенің аты. Бермейтін үйде біте бар, „біте“ деген – шайтанның аты. Пиғылы түзу адал адамның бергенінің есесін Алла өзі толтырады. Кіргеннің берекесін періштелер қорғап тұрады. Пейілден ортаймаңдар, мұқтажға қол созудан танбаңдар“, – деп отырушы еді рахметлік. Айналып келгенде мұның бәрі – халқымыздың даралығы мен дарқандығы»… (Б. Момышұлынан. 15.67-68-б.)

Мұндағы біте деп отырғаны көнеріп ескірген, тұрып қалған киім мен жүнге, мүлікке түсіп, оларды кеміріп бүлдіретін жәндік – күйені, құртты (моль) айтқаны. Иә, «бермейтін үйде» жатқан ондай зат, мүліктерге біте, күйе түсетіні рас қой.


БЕС БИЕНІҢ САБАСЫНДАЙ


«Жақсы әрі үлкен деген саба* бес жылқының терісінен жасалады. Зор денелі не етті-жеңді адамды «бес биенің сабасындай» екен деген сөз осыдан шықса керек.

«Төрт жылқының терісінен сабаның төрт қабырғасы шығады, оны сабаның бойы деп атайды. Сабаның бойы трапеция тәрізді пішіледі. Ал бесінші жылқының терісінен сабаның түбін шаршылап тігеді.