ӘЛ – МИСАҚТАН БЕРІ МҰСЫЛМАНМЫН


Бұл сөз тіркесі «Әлімсақтан бері…» деп те айтылады. Дүние жаратылғаннан, баяғыдан бері немесе дүние есігін ашқаннан, туғаннан бері… дегенді білдіреді.

«Бұл оқиға адамдар әлі фәниге келмей тұрғанда Алла күллі адам рухтарын жинап алып, «Мен, сендердің Раббыларың емеспін бе? – деген сәтте олар: «Иә, әлбетте» деген. (Сонда Алла) қиямет күні: «Бұдан хабарымыз жоқ демеңдер», – дейді (Ағраф, 9/172). Яғни, сол кезде барлық рухтар перде болар тәндері болмағандықтан, Алланы айдан анық көріп мойынсұнған. Қазақта «Әл-мисақтан бері мұсылман-мын» деген сөз осыдан қалған». (99.).


ӘЛІПТІҢ АРТЫН БАҚ


Бір іс-шараның нәтижесін күт, асықпа, сабырлы бол дегенді ұғындырады.

«Араб алфавитінде «а» орнына қолданатын бас әріп «алиф» аталады. Біз оны қазақшалап «әліп» дейміз. Қыпшақтардың «әліп» аталатын рулық таңбасы осы араб әлібі десек (солай деушілер бар да), онда Қыпшақ руы Орта Азияға арабтардың, олармен бірге ислам дінінің келуінен әлдеқайда бұрын құралған ел болып шығады. Олай болса, қыпшақ «әлібін» арабтан алынды деудің қисыны жоқ. Ендеше, Қыпшақтікі қай «әліп»?

Көне түркілерде «әліп», «дақ», «жеке» мағынасында да айтылған. Мысалы, бал ашатын құмалақтың саны 41 болады. Сонда, қырқын жұпқа, біреуін даққа санайды. Балды (болжауды) «жұп» емес, «дақ» шешеді. Құмалақшы 41құмалақты үшке бөледі де, төрт-төрттен бөлшектеп, соңғы бөлшектен «маңдай» аталатын үстіңгі қатарын, ортасынан «белдеу» аталатын орта қатарын, төменнен «аяқ» аталатын соңғы қатарын шығарады. Солай бөлшектегенде «әліп» қай қатарда тұрса, құмалақшы балды соған қарап айтады. Қазақтың «әр істің ақырын күт» деудің орнына «әліптің артын бақ» деуі осыдан. Қыпшақтардың әлібі осы болуы мүмкін». (С. Мұқанов, 77.).


ӘЛІПТІ ТАЯҚ ДЕП БІЛМЕЙДІ


«…Ол кездегі қазақ алфавиті арабша еді ғой, оның алғашқы «а» әрпін «әліп (алиф) деп атайтынбыз, «әліп» – жоғарыдан төмен қарай тік тартқан сызық та (қазақтың оқымаған адамды «Әліпті таяқ деп білмейді» деуі содан…» (С. Мұқанов, 78. 99-б.).

Сауатсыз деген мағынаны береді.


ӘР БАЛАНЫҢ ҚОЛЫНДА БІР ШАҚЫЛДАҚ


«Шақылдақ – екі асық жіліктен жасалған ойыншық. «Әр баланың қолында бір шақылдақ». (Б. Қыдырбекұлы, 69. 95-б.).

Бұл мәтел балалар ойыншыққа қарық болыпты ғой деген ойды аңғартады.


ӘРБІР БАЛА АНАСЫНЫҢ БІР ТІСІН АЛАДЫ


«Толғақ қысқанда, әйелдің бір мүшесін ерекше ауырта келеді. Мәселен, оның тісі ауруы мүмкін. Тіліміздегі «Әрбір бала анасының бір тісін алады» деген мақал осыдан туған. Бұл – «тіс толғақ» деп аталады. Осылайша анасының тізесі ауырып белгі берсе, «тізе толғақ, желкесі ауырса, «желке толғақ, т.с.с. ұшырасады». (Б. Әлімқұлов, 21.).

Әрбір бала анасына бейнет те әкеледі деген мағынада ұғынылады.


ӘР ХАННЫҢ ТҰСЫНДА БІР СҰРҚЫЛТАЙ


«Жетісуда Шыңғыс әулетінен төрелік еткен Тезек төре ақындыққа, өнерге бой ұрған адамның бірі болған. Оның Сүйінбаймен айтысында:

Тұсында Абылайдың Бұқар жырау,

Хан Әбілдің кезінде Түбек тұр-ау.

«Әр заманның бар дейді сұрқылтайы»,

Сұрқылтайым менің де екен мынау, —

дейді.

Қазақта «Әр ханның тұсында бір сұрқылтай» деген мәтел бар. Халқымыздың қолданған «сұрқылтай» сөзінің мағынасы «ханның кеңесшісі, ақылшысы, сөзін сөйлейтін ділмар, ақыны» дегенді білдіреді. Бұқар жырау – Абылай ханның ақылшы-кеңесшісі, сұрқылтайы болса, Тезек төренің айтуына қарағанда, Әділ ханның сұрқылтайы Түбек жырау болған. Мән-мағынасы мүлдем күңгірт тартып кеткендіктен, казіргі жазушылардың бірқатары мұны жағымсыз адамды сипаттайтын сөз ретінде қолданғандары байқалады. Тіпті бұл сөзді сын есім (оны да жағымсыз сипатты білдіретін) ретінде қолданушылық та бар». (Р. Жарылқасынов, 51.).