Батыр бабаларымыз жауға шапқанда, жиын-тойда отырған би-шешендер бір ерек істі бастарда, «Аруақ қолдасын» деп ата-баба рухына жүгініп, бойларына рух, қуат жинайтын болған. Бұл ұран бүгінгі күндері де маңызын жойған жоқ.
АРЫСТАНБАБҚА ТҮНЕ,
ҚОЖА АХМЕТТЕН ТІЛЕ
(Екінші нұсқасы) *
«Қожа Ахметтің ұстазы Арыстанбабты 33 мың сахабаның бірі деп айтуға болатын сияқты. Өйткені, дін аңыздары бойынша, Арыстанбаб Пайғамбардың көзін көріп, оның ұлы қасиеті – Мұғжизасына куә және аманатына адал болған әулие. Ел піріне саналған кие – дана. Сондықтан халық «Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деп текке айтпаса керек. Әулиенің қасиетіне байланысты «Баптардың бабы Арыстанбаб» деп ерекше дәріптеледі. Сыр бойында көне Отырар жерінде мазары
тұрған әулиеге деген құрмет пен тағзым кеңестік дәуірде де тоқтаған жоқ. Кейбір деректерде есімі мұсылман елдеріне етене жақын әулие көптеген діндерді біліп, оларды зерттеп, дұрыс-бұрысын саралаған ғұлама ретінде танылады». (О. Қауғабаев.).
Егер Қожа Ахметтің басына барып, зиярат етіп, тілек тілегің келсе, ең алдымен оның ұстазы Арыстанбаб әулиенің алдынан өт немесе түнеп, ғибадат ет. Сонда ғибадатың толыққанды болып, тілегің қабыл болады деген мағынаны береді.
* «Арқаланып кетті» тақырыпшасын қараңыз.
* «Қанатты сөз – қазына», бірінші кітабын қараңыз.
АРТҚЫ АЙЫЛДЫҢ БАТҚАНЫН
ИЕСІ БІЛМЕС, АТ БІЛЕР,
АҒАЙЫННЫҢ АУҒАНЫН
ЖАҚЫНЫ БІЛМЕС, ЖАТ БІЛЕР
Яғни, «Сырт көз – сыншы» деген мағынаға жақын сөз.
«Екі айылдан (тартпадан) атқа көбірек бататыны – қарыннан тартылатын шап-айыл. „Артқы айылдың батқанын иесі білмес, ат білер, ағайынның ауғанын жақыны білмес, жат білер“ деген мақал осыдан туған болу керек. Шапқанда болмаса, шап айылды қазақ бос ұстайды. Төс айыл үнемі қатты тартылады. Өйткені, ол қаусыратын тұста тынысты қорғайтын төс сүйек бар». (С. Мұқанов, 77. 125-б.).
АС ИЕСІМЕН ТӘТТІ
«Қоқан хандығына қазақтан елші барғанда, оларды өлтірмек боп алдына у себілген ас қояды. Шыдамсыздау біреуі астан бір- екі асап, өліп кетеді, аман қалғаны қашып құтылады. Осыдан кейін бейтаныс елге барған қазақтар алдындағы асты әуелі үй иелеріне алдырып, уланбағандарына көздері жеткен сон ғана жейтін болған екен. „Ас иесімен тәтті“ деген сөз сондай сенімсіздіктен туып, содан қалған болса керек… … бірақ бертін келе ол бұрын байқалмаған жаңа мәнге ие болған». (Ә. Диваев, 30. 27-б.).
Бүгінде бұл мәтел үй, ас иесі дастарқан басында бірге отырғанда ғана дастарқанның сәні кіреді, ас дәмді болады, дастарқанда әңгіме-сұқбат құрып отырғанда, ас бойға жақсы сіңеді деген мағынада айтылған.
АСЫҒЫ АЛШЫСЫНАН ТҮСТІ
Кімнің сақасы алшы түссе, бірінші ату кезегі соған тиеді. Тіліміз-дегі «асығы алшысынан түсті» деген тұрақты сөз тіркесі осылай қалыптасқан. Әдетте бұл сөз біреудің жолы болып олжалы болғанда, бәйге, сыйлық алғанда, ұтыс шыққанда т. с. с. жағдайларда айтылады». (Д. Шоқпарұлы, 9. 17.02.94).
Жолы болғыш, олжалы адамдарға қаратып айтылады.
АСЫҚ ОЙНАҒАН АЗАР,
ТОБЫҚ ОЙНАҒАН ТОЗАР,
БӘРІНЕН ДЕ ҚОЙ БАҒЫП,
ҚҰЙРЫҚ ЖЕГЕН ОЗАР
«Қазір көпшілік „Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар“ деп жүр. Бұл заманның талабына орай өзгерген тіркес болса керек. О баста „Асық ойнаған азар, тобық ойнаған тозар. Бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар“ деп айтылған. Ойын баласы қай ойынды да азғанша ойнауға әзір. Содан ата-ана баласын күндіз-түнгі ойыннан шектеп, басқа да пайдалы іс-әрекетке тарту мақсатында осындай тіркесті шығарса керек. Ал, тобық деген қандай ойын? Тобық – малдың артқы аяғының сүйегі. Өзі асықтай ғана. Мүжілген тобық сүйегін қазақтар өзара бәстесу құралына айналдырған. Егер біреудің қандай да бір затын алғысы келсе немесе бір затқа бәстескісі келсе, онда екінші адамға осы тобықты жасыруды ұсынады. Бәстесуші адам тобық жасырушыға „мен тобықты сұрағанда, таңдайыңнан алып бер“ деп шарт қояды. Талап әр түрлі болуы мүмкін. Бірі „сұрағанда жанқалтаңнан алып бер“ десе, енді бірі „тіліңнің астынан беретін бол“ дейді. Ойын мерзімі шектеусіз. Бәстесуші қалайда жеңу үшін оңтайлы сәтті күтеді. Бәстен жеңілмес үшін, тобық жасырушы да біраз әуреге түсері анық. Өйткені, ойламаған жерден әлгі бәстескен адамы алдынан шыға келуі мүмкін ғой. Бәстің шартын үнемі ұмытпай жүру оңай шаруа емес, әрине. Екінші жағынан, тобықты таңдайға салып, тілдің астынан алып беремін деп жүріп, тамағына қарай кетіп қалса қайтеді? Міне, сол үшін „тобық ойнаған тозар“ деген сөз қалған». (К. Елемес. 102. 20.03.2013.).