Осы орайда «Аққу мен қаз егіз, адай мен таз егіз» деген мағыналас мақалды да айта кеткен жөн.
АДАЛ ДОСТЫҚ ӨМІРЛІК НҰСҚА БОЛАДЫ,
АМАЛ ДОСТЫҚТЫҢ ӨМІРІ ҚЫСҚА БОЛАДЫ
Ертеректе ел ішінде Әйтімбет деген сөзге шешен кісі болыпты. Бір отырыста Әйтімбет шешенге замандастары:
– Достық нешеу? —деп сұрақ қояды.
Сонда Әйтімбет тұрып:
– Достықтың екі түрі болады. Бірі адал – достық, екіншісі – амал достық.
– Дұрыc-ақ. Енді оларды қалай ажырата аламыз? —дегендерге:
– Адал достық өмірлік нұсқа болады, амал достықтың өмірі қысқа болады, – деп жауап берген екен Әйтімбет шешен.
Адал достық – өмірде шынайы берілген, адамгершіліктен тұратын нағыз достық. Ол өмір бойы жалғасады. Ал амал достық—бір есепке құрылған достық. Ертең есебі түгелденсе, сені тастап, танымай да кетуі мүмкін деген мағынаны білдіреді.
АДАМ ТІЛІ ТАС ЖАРАДЫ,ТАС ЖАРМАСА БАС ЖАРАР
«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген жұтшылық болып, ел шұбырғанда, малдың ішіндегі семізін бас салып сойып, жей берген екен. Сонда бір көк ала бие он бес ауылды асырауға жарапты, бір мерген он бес ауылды асырауға жарапты. Биеден бір сауғанда, бір үлкен көнек сүт шығады екен. Иесі «көз тиеді, тіл тиеді» деп, сайдан-сайға жасырып, байлап жүріп сауады екен. Даладан сүтін сабаға толтырып артып алып келіп, үйге ашытып, рулы елге қымызын жеткізеді екен. Бір күні бір сайда елден-жұрттан жасырып сауайын деп биенің бұтына көнегін салып отырса, көз ұшында төрт кісі көрініпті. Келіп қалады-ау деп асығып сауа береді, бие иіи береді. Қашан төрт кісі келіп жеткенше сауып бола алмапты. Төрт кісі келген соң, амалсыз биенің бұтынан түрегеліп, бір қара тасты алып, «тіл болсаң, тасқа ти» деп, сүттің ішіне тастай беріп, көнектің бетін жаба қойды. Төрт кісі сәлемдесіп, амандық айтысып болған соң айтты:
– Мана көз ұшында біз көргеннен биенің бұтында отырып едің, сонан бері биеңді сауып отырдың ба, жоқ жай отырдың ба? Біз соның жайын білейін деп жаныңа келіп едік, – депті.
– Биемнің жуырда иімейтұғын жаман мінезі бар еді, сол мінезі ұстап, күні бойы иімей, жаңа ғана сіздердің алдыңызда зорға иіді, – дейді.
– Бәсе, солай ғой, онан басқа манадан бері сауып отырған болсаң, бір көл болып ағарлық болды, – дейді жолаушылар. Кісілер былай кетісімен, сүтті сабасына құйса, көнектің түбіндегі қара тас төрт бөлінген екен. «Адам тілі тас жарады, тас жармаса, бас жарар», – деген сонан қалған екен. Егер ол тасты салмағанда, биеге кәдік* болады екен.
АҒАЙЫН АРАСЫН ЛАСТАМА
СЫРТТАН ӨСЕК АЙТЫП ДАТТАМА
Сүлеймен деген ағайын болыстықтан дәмесі болып Мәтжан бидің сыртынан күңкілдеп сөз жүргізсе керек. Осындай алып-қашты сөзді сырттай естіген Мәтекең бір күні Сүлейменнің үйіне келіп, «Осы мөрді бір ыңғайлы болса тапсырам деп ойлап қоямын. Бір ойым осы Сүлейменнен артық кім бар деп те қояды», – деп Мәтекең сөз бастайды. Сонда Сүлеймен: «Ойбай, Мәтеке, айта көрмеңіз, мен тек отбасынікімін ғой. Ортаға түссем бүрісіп-тырысып қаламын ғой», – деп ақталыпты.
Сонда Сүлекеңе қарап: «Ағайын арасын ластама, Сырттан өсек айтып даттама», – деп жеңілауыздығын бетіне басқан екен.
Ағайын арасына от салып, бір-біріне айдап салып, шағылыстырма, ұрыстырма. Олардың сыртынан өсек – сыпсың сөз айтып, бір-біріне жамандама. Одан саған пайда түспейді, осы ерсі істерің ертелі-кеш жұрт құлағына жетіп, жаманатты боласың деген астарлы ой жатыр.
АҒАРЫП АЛДЫМА ТҮСПЕ
ҚАРАЙЫП СОҢЫМНАН ҚАЛМА
Бәйдібек бидің бәйбішесі – Сарықыз, екінші әйелі – Зеріп, кіші әйелі – Нұрила (Домалақ апа, Домалақ ене) деген кісілер болған. Сарықыз бәйбішелік жолын арқа тұта ма, жоқ әлде табиғаттың бойына дарытқан қасиеті ме, әйтеуір, төңірегіне қатал, адуын мінезімен танылады. Әсіресе ақыл-парасаты кемел Нұриланы Бәйдібек биден қызғанып, қисынсыз жерде мінез көрсетеді екен.