АРСЫЗДАН АЙУАН АРТЫҚ


Адам арсыздықты бұзылған оймен істейді. Ал айуанның ондай арсыздыққа санасы жетпейді. Сонда да оның ақылға бергісіз іс-әрекеттері арсыз адамның қылығынан артық деген ойды аңғартады.

Шұлғау деген байдың Содыр деген сотанақ баласы болыпты. Ол еш нәрсе істемей, атына мініп, ауыл ауылды қыдырумен жүреді екен. Бір күні Содыр көрші ауылға бара жатса, жолда кездескен кәрі-жастың бәрі де оған сәлем береді. Ол ешкімге көз қырын да салмай, өз бетімен жүре береді. Жолда есек мінген бір шал Содырға қарап қойып, үндемей өте береді. Содыр атының басын бұрып алып:

– Әй, қақбас, неге сәлем бермейсің? – деп тесіле қарайды. Сонда шал тұрып:

– Балам, кіші тұрғанда, үлкен сәлем беруші ме еді? – дейді.

Содыр шалға жақындап келіп, қамшымен тартып жіберуге оқтала бергенде, шал қамшысын шап беріп ұстай алады. Енді екеуі жерге түсе қалып, алыса бастайды. Бос қалған есек пен ат шетке шыға береді. Екеуі ары алысады, бері алысады, бірақ бір-біріне әлдері жетпей титықтасып тұрып, ақыры болмаған соң ажырасады. Шал үсті-басын қағып, айналасына қараса, есек пен ат жолдың ар жағында қасынысып тұр екен. Сонда қария:

– «Арсыздан айуан артық» деген рас қой. Ананы көрдің бе? – депті.


АРЫСТАНБАБҚА ТҮНЕ,ҚОЖА АХМЕТТЕН ТІЛЕ


Мұхаммед пайғамбар ақыреттің алдында барлық туыс-жақындарын, сырлас достары мен жора-жолдастарын жинап:

– Мен бұл дүниемен және сіздермен қоштасқалы жатырмын. Кейінгі ұрпақтарымның біреуіне берер аманатым бар. Соны оған кім тапсырар екен? – дейді де, жан-жағына қарайды. Жұрт аң-таң. Дені сап-сау, қалайша бізді қиып, о дүниеге аттанбақ? Аманаты не? Ойларын онға, саналарын сан саққа жүгіртеді. Сол кезде Арыстанбаб орнынан тұрып, екі қолын көкірегіне қойып:

– Бұған мен әзірмін, – дейді. Мұхаммед пайғамбар:

– Жарайды, ақылдасып, келейін, – дейді де, зым-зия жоғалып кетеді. Әлден уақытта қайтып оралады. Алла тағаланың келісімін алып келсе керек:

– Келешекте өмірге Ахмет деген бала келеді. Соған мына құрма жемісін тапсырасың, – деп, қалтасынан алған бір түйір құрманы береді.

Ахмет дейтін балаға тапсыратын аманатты алып, ұртына салған Арыстанбаб Мұхаммед пайғамбарға:

– Мен ол баланы қайдан іздеймін, қалай табам, қалай танимын? – деп сауал қояды. Сонда Мұхаммед:

– Іздеп әуре болмай-ақ қойыңыз. Берген аманатымды сізден өзі-ақ сұрап алады – дейді.

Ғажап болғанда, пайғамбардың айтқаны айнымай келеді.

Бірде далада келе жатқанда, 11 жасар балаға кездеседі.

– Ақсақал, аманатымды беріңіз, – дейді бала. Арыстан баб атын сұрап жатпай, «аузыңды аш» дейді оған. Ол аузын ашқанда, бабаның ұртындағы құрма зып етіп Ахметтің аузына кіріп кетеді. Бала ләм-мим деп тіл қатпастан, бұрылып жүре береді.

– Сен неткен көргенсізсің, маған айтқан рақметің қайда?! – деп айқайлайды Арыстанбаб.

Сонда бала артына бұрылып тұрып:

– Сізге несіне рақмет айтам? Сіз бар шырынын сорып жеп, маған құр сүйегін қалдырып отырсыз, – дейді. – Жарайды, сізге келіп түнесін, менен тілек тілесін, – деп жүріп кетеді.

Содан бері халық Түркістанға сапар шеккенде әуелі Арыстанбабтың басына барып мінәжат етеді. Құран оқытады. Мазарына бір түнеп, содан соң ғана Ахмет Иассауи кесенесіне аттанады екен.

Халық арасында «Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген нақыл сөз содан қалыпты. Бұл нақылды кейде «Әулиенің басына түне, Алладан тіле» деп жалпылама айтатындар да бар.


АРЫСТАНДАЙ АЗУЛЫМЕН ЖОЛДАС БОЛМА, АШЫҒАСЫҢ,

ТҮЛКІДЕЙ ҚУМЕН ЖОЛДАС БОЛМА, АСЫЛАСЫҢ


Жүйіткіп келе жатқан түлкі бір жемтікке кездеседі. Жақсы атанбақ болып, мұны жемтік жейтін аңдардың бәріне хабарлайды. Барлық аң жиналады. Аңдар жемтікке ауыз салайын десе, арыстаннан асуға бата алмайды. Сонда түлкі жылмаңдап: